Жаңалықтар

 «АРХИВ. ҰЛТТЫҚ САНА. БОЛАШАҚ ҰРПАҚ»: ШЫМКЕНТТЕ ОҚУШЫЛАРҒА АРНАЛҒАН ОҚУ-ЛЕКЦИЯ ӨТТІ

Жас ұрпақтың бойында ұлттық сананы қалыптастыру, отаншылдық рухты нығайту және еліміздің бай тарихына деген қызығушылығын арттыру – бүгінгі білім мен мәдениет саласының басты міндеттерінің бірі. Осы орайда тарихи жәдігерлер мен құнды құжаттарды сақтап, оны келешек ұрпаққа насихаттап жүрген архив саласы қызметкерлерінің еңбегі айрықша атап өтуге лайық.

«Қызмет» мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» қоғамдық бірлестігі Шымкент қалалық филиалының құрамындағы «Шымкент қалалық мемлекеттік архиві» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің кешенді жоспарына сәйкес, Шымкент қаласы білім басқармасының №132 жалпы орта білім беретін мектебінің 9-сынып оқушыларының қатысуымен «Архив. Ұлттық сана. Болашақ ұрпақ» жобасы аясында танымдық оқу-лекциясы ұйымдастырылды.

Іс-шараның негізгі мақсаты – жастарды ғылыми-зерттеу жұмыстарына баулу, архив құжаттарын пайдалана отырып, еліміз бен өңіріміздің тарихына деген сүйіспеншілігін арттыру, архив қызметінің қоғамдағы маңызы мен рөлін түсіндіру және архив мекемесінің оң имиджін қалыптастыру болып табылады.

Оқу-лекция барысында Ұлттық архив қорын толықтыру бөлімінің архивисті Айнұр Абдрасилова шетел архивтерінен арнайы әкелінген Қазақстан тарихына қатысты сирек әрі құнды құжаттарды оқушылар назарына ұсынды. Сондай-ақ маман бұл құжаттар негізінде «Өңір тарихы архив құжаттарында» тақырыбында жасанды интеллект технологияларын тиімді пайдалана отырып, мазмұнды баяндама жасады. Озық технологиялар мен тарихи деректердің тоғысуы мектеп оқушыларының ерекше ықыласын тудырды.

Тарихи құжаттарды сақтаумен қатар, оларды цифрландыру және жас ұрпаққа заманауи форматта жеткізу – ұлттық жадыны жаңғыртудың ең тиімді жолы. Жасанды интеллект пен жаңа цифрлық әдістерді пайдалану арқылы жастардың тарихи деректерді зерттеуге деген қызығушылығы артып, олардың бойында Отанға деген сүйіспеншілік пен жауапкершілік сезімі нығая түседі.

Дәріс кезінде оқушылар өңір тарихына қатысты архивтік деректермен жақын танысып, өздерін толғандырған сұрақтарын қойды. Архив мамандары оқушылардың сауалдарына тұщымды жауап беріп, құжаттардың тарихи әрі мемлекеттік маңызы туралы кеңінен түсіндірме жүргізді.

Бұл танымдық шара оқушылардың тарихи зердесін кеңейтіп, архив ісіне деген қызығушылығын арттырды. Тарихты құрметтеу мен өткенге тағзым етуге бағытталған осындай жобалар алдағы уақытта да өз жалғасын табады.

ЗАҢ МЕН ТӘРТІП: ЕҢБЕК ШАРТЫНДАҒЫ СЫНАҚ МЕРЗІМІ ТУРАЛЫ НЕ БІЛУ КЕРЕК?

Алдыңғы

 ҮЛГІ ТҰТАР ТҰЛҒА: ҰСТАЗДЫҚҚА АРНАЛҒАН БІР ҒҰМЫР

Келесі

Оқи отырыңыз

Comments

Leave a reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *