Еңбек қатынастарын құқықтық шеңберде реттеу және жұмыскерлердің еңбек құқықтарын қорғау – мемлекеттік еңбек саясатының басты басымдықтарының бірі болып табылады. Жұмысқа орналасу барысында жиі кездесетін әрі өзекті мәселелердің бірі – сынақ мерзімін белгілеу және оның заңдылықтарын қатаң сақтау. Осы орайда еңбек заңнамасының талаптарын тұрғындарға жан-жақты түсіндіру мен құқықтық сауаттылықты арттыру жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп келеді.
Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитеті Шымкент қаласы бойынша департаменті басшысының орынбасары Серік Бахтыгерейұлы Алиманов еңбек шартындағы сынақ мерзіміне қатысты заңнамалық нормалар бойынша арнайы түсіндірме берді.
Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 36-бабының 1-тармағына сәйкес, еңбек шартын жасасқан кезде еңбек шартында жұмыскердің тапсырылатын жұмысқа біліктілігінің сәйкестігін тексеру мақсатында сынақ мерзімі туралы талап белгіленуі мүмкін. Белгіленген сынақ мерзімі еңбек шартында көрсетілген жұмыс нақты басталған күннен бастап есептеледі.
Осы баптың 2-тармағына сәйкес, сынақ мерзімі жұмыскердің жалпы жұмыс өтіліне толық қосылады және ол үш айдан аспауға тиіс. Дегенмен, ұйымдардың басшылары мен олардың орынбасарлары, бас бухгалтерлер мен олардың орынбасарлары, сондай-ақ филиалдар мен ұйымдар өкілдіктерінің басшылары үшін сынақ мерзімі алты айға дейін ұзартылуы мүмкін. Сонымен қатар, жұмыскер жұмыста нақты болмаған кезеңдерде (мысалы, еңбекке уақытша жарамсыздық кезеңінде) сынақ мерзімінің өтуі тоқтатыла тұрады.
Бұдан бөлек, Кодекстің 37-бабының 1-тармағына сәйкес, жұмыскердің сынақ мерзімі кезеңіндегі жұмысы теріс нәтиже берген жағдайда, жұмыс беруші оған еңбек шартын бұзуға негіз болған себептерді толық көрсете отырып, хабарлама беруге және ол бойынша еңбек шартын бұзуға құқылы. Ал егер сынақ мерзімі аяқталып, жұмыс беруші тарапынан еңбек шартының бұзылатындығы туралы ескерту немесе хабарлама берілмесе, жұмыскер сынақ мерзімінен сәтті өткен болып есептеледі.
Әрбір жұмыскер өз құқықтарын терең біліп, еңбек шартындағы әрбір тармаққа мұқият назар аударғаны абзал. Сынақ мерзімі заңсыз ұзартылған немесе негізсіз босату қаупі туындаған жағдайда, еңбек инспекциясына немесе кәсіподақ ұйымдарына жүгіну арқылы құқықтарды қорғауға толық мүмкіндік бар.
Еңбек шартын жасасу кезінде заң талаптарының қатаң сақталуы – жұмыскер мен жұмыс беруші арасындағы ашықтық пен әділдіктің кепілі. Заң талаптарын білу және оны іс жүзінде дұрыс қолдану еңбек дауларының алдын алуға және тараптардың құқықтарын сенімді қорғауға мүмкіндік береді.












Comments