Бүгінгі қоғамның басты құндылығы – азаматтардың бір-біріне деген мейірімі, жанашырлығы мен өзара қолдауы. Әсіресе, ерекше қажеттіліктері бар жандардың әлеуметтік белсенділігін арттырып, олардың қоғамдағы орнын айшықтауда арнайы мәдени ұйымдар мен кәсіподақтардың атқаратын рөлі орасан зор. Еңбек пен ізгілікті ту еткен бұл бағыттағы жұмыстар халықтың бірлігін нығайтып, қоғамдағы өзара сенімді арттыруға тікелей қызмет етеді.
Осы орайда, ҚР Мәдениет, спорт және ақпарат қызметкерлері салалық кәсіподағының Шымкент қалалық филиалына қарасты Көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтарға арналған арнайы кітапханасында 13 қараша – Халықаралық зағиптар күніне арналған «Әр жүректе тұрақтасын мейірім» атты сауықтыру айлығының салтанатты қорытынды кеші өтті.
Ай бойы жалғасқан сауықтыру және ағартушылық шаралардың нүктесін қойған бұл кешті кітапхананың «Тифлология» бөлімінің меңгерушісі Ербек Бакиев жүргізді. Жиынның ашылу салтанатында арнайы кітапхана директоры Ахат Нысанбеков сөз сөйлеп, кітапхана оқырмандары мен келген қонақтарға өзінің ыстық ықыласы мен ақ тілегін білдірді. Өз сөзінде ол кітапхананың тек білім ордасы емес, сонымен бірге тағдырлас жандардың басын қосатын жылы ұя екенін атап өтті.
Игі шараға өңірге танымал әнші Құрмет Алибекова арнайы қатысып, репертуарындағы жүрекке жылы тиетін әндерінен шашу шашты. Өнер иесінің орындауындағы әуезді әндер жиналған қауымның ыстық ықыласына бөленіп, кештің сәнін кіргізді.
Кеш барысында сауықтыру айлығы аясында ұйымдастырылған түрлі спорттық, интеллектуалдық сайыстарға белсене қатысқан және жыл бойы кітапхана өміріне араласып, тұрақты оқырманға айналған азаматтарға мекеме атынан арнайы марапаттар мен бағалы сыйлықтар табысталды. Сондай-ақ салтанатты жиында «Қазақ зағиптар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің Шымкент қалалық филиалының төрағасы Марат Пірімжанов пен кітапхананың белсенді ардагер оқырманы Бәкір Нұрманбетов сөз сөйледі. Олар мүмкіндігі шектеулі азаматтардың қоғамдық белсенділігін арттыруда осындай шаралардың маңызы зор екенін айтып, ұйымдастырушыларға ризашылықтарын білдірді.
Мұндай сауықтыру айлықтары мен мәдени іс-шаралар ерекше қажеттіліктері бар азаматтардың рухани әлемін байытып қана қоймай, олардың өмірге деген құштарлығын арттыруға зор ықпал етеді. Рухани қолдау мен ізгілікке негізделген бастамалар мүмкіндігі шектеулі жандардың қоғаммен етене араласып, өз өнерлері мен қабілеттерін еркін көрсетуіне кең жол ашады.
Кеш соңында жиналған оқырман қауым мен қонақтар ұйымдастырушыларға алғыстарын айтып, естелік суретке түсті және ерекше көтеріңкі көңіл-күймен тарасты.












Comments