Қоғамда еңбек культін қалыптастыру, ұлттық мәдениетіміз бен руханиятымыздың дамуына өлшеусіз үлес қосып жүрген қарапайым еңбек адамдарының беделін арттыру – мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарының бірі. Өз ісіне адал, шығармашылық ізденіс пен кәсіби шеберлікті ту еткен мамандарды ардақтау кәсіподақ қозғалысының басты міндеті саналады.
Республика күні – елдігіміз бен бірлігіміздің айшықты айғағы. Мемлекеттіліктің тұғырын нығайтып, қоғамның дамуына өзіндік үлес қосып жүрген әрбір маманның бұл күнге деген ықыласы бөлек. Әсіресе, елдің мерейін асырып, рухын көтеретін мәдениет саласы қызметкерлерінің еңбегі әрдайым ерекше құрметке лайық.
Осы айтулы дата қарсаңында «Мемлекеттік, банктік мекемелер және қоғамдық қызмет көрсету салалық кәсіподағы» қоғамдық бірлестігінің («Қызмет») Шымкент қалалық филиалының төрағасы Серік Елемесұлы Әуесханов Шымкент қаласының мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасына қарасты «Мәдени-бұқаралық іс-шараларды ұйымдастыру дирекциясы» КММ ұжымымен арнайы кездесті.
Кездесуде филиал төрағасы ұжымды келе жатқан маңызды мерекемен жүрекжарды құттықтап, ел игілігі жолындағы абыройлы да жауапты қызметтеріне толағай табыстар тіледі.
«Мәдениет саласының тыныс-тіршілігі әрқашан үлкен дайындықты, төзімділік пен шығармашылық ізденісті талап етеді. Қоғамда масылдық көңіл-күйге жол бермей, адал еңбекпен елге қызмет етіп жүрген мамандарды ардақтау – басты міндетіміз. Кәсіподақ ұжымдағы әрбір еңбек адамының құқығы мен мүддесін қорғап қана қоймай, олардың еңбегін елеп-ескеруді басты назарда ұстайды.»
Салтанатты сәтте саладағы адал еңбегімен айналасына үлгі болып жүрген бірқатар қызметкерлер мен кәсіподақ белсенділерінің кеудесіне «Еңбек озаты» төсбелгілері тағылып, марапат төрінен көрінді. Сонымен қатар, кәсіби шеберлігімен көзге түскен мамандар филиалдың «Құрмет грамоталарымен» және «Алғыс хаттарымен» марапатталды.
Шара соңы ыстық ықыласқа, әріптестік қолдау мен шынайы қуанышқа толы жылы кездесуге айналды. Еңбек адамының мәртебесін көтеріп, мерекелік көңіл-күй сыйлаған бұл сәт әрбір қатысушының жүрегінде мақтаныш сезімін ұялатып, Шымкент қаласының мәдениет саласын дамыту жолындағы алдағы еңбекке зор серпін берді.












Comments