Қоғамда еңбек культін қалыптастыру, мемлекеттік аппаратта абыройлы қызмет атқарып жүрген қарапайым еңбек адамдарының беделін арттыру және олардың әлеуметтік-еңбек мүдделерін қорғау – мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарының бірі. Өз ісіне адал, кәсіби шеберлікті ту еткен мамандарды ардақтау кәсіподақ қозғалысының басты міндеті саналады.
Ұлттық мереке қарсаңында «Мемлекеттік, банктік мекемелер және қоғамдық қызмет көрсету салалық кәсіподағы» қоғамдық бірлестігінің («Қызмет») Шымкент қалалық филиалының төрағасы Серік Елемесұлы Әуесханов пен Шымкент қаласы әкімі аппараты мемлекеттік мекемесінің бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Тимур Әсілбекұлы Қышқашев қала әкімі аппаратының қызметкерлерін 25 қазан – Республика күнімен салтанатты түрде құттықтады.
Өз кезегінде сөз алған ұйым басшылары мемлекеттігіміздің тұғырын бекемдеудегі және мегаполистің әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз етудегі мемлекеттік қызметшілердің жауапты еңбегін айрықша атап өтіп, ұжымға абыройлы қызметтерінде толағай табыстар тіледі.
«Мемлекеттік аппараттың әрбір қызметкері күнделікті ісімен ел ісіне үлес қосып, қоғамдағы тұрақтылық пен дамудың негізін қалап келеді. Қоғамда патерналистік көңіл-күйге жол бермей, адал еңбекпен елге қызмет етіп жүрген мамандарды ардақтау – басты міндетіміз. Кәсіподақ ұжымдағы әрбір еңбек адамының құқығы мен мүддесін қорғап, олардың еңбегін елеп-ескеруді әрдайым басты назарда ұстайды.»
Мерекелік басқосу барысында кәсіподақ қозғалысына белсене қатысып, өз ісінде жоғары кәсібилік пен адалдық танытқан белсенді мүшелерге ерекше құрмет көрсетілді. Бірқатар қызметкерлерге филиалдың «Еңбек озаты» төсбелгісі, «Құрмет грамотасы» және «Алғыс хаты» салтанатты түрде табысталды. Сонымен қатар, бастауыш кәсіподақ ұйымының атынан арнайы дайындалған бағалы сыйлықтар тапсырылды.
Сонымен бірге, кездесу аясында еңбек заңнамасын сақтау, жұмыскерлердің әлеуметтік кепілдіктерін қамтамасыз ету және кәсіподақ мүшелерінің құқықтық сауаттылығын арттыру мәселелері де кеңінен талқыланды. Өндірістік әріптестікті нығайту мен еңбек қауіпсіздігін арттыру бағытындағы кешенді шаралар алдағы уақытта да жүйелі түрде жүзеге асырыла бермек.
Ыстық ықылас пен әріптестік қолдауға толы бұл шара мемлекеттік қызметшілерге ел игілігі жолындағы жауапты еңбектеріне зор серпін берді. Шымкент мегаполисінің гүлденуі жолында адал тер төгіп жүрген еңбек адамдарын ұлықтау шаралары өз жалғасын таба береді.












Comments