Қоғамда еңбек культін қалыптастыру, үлкенге құрмет көрсету, қариялардың ақ батасын алып, өнегелі өмір жолын ұлықтау – ата-бабамыздан келе жатқан асыл қасиет. Сонымен бірге, тағдыр тауқыметін тартқан мұқтаж жандарға күнделікті мейірім төгіп, әлеуметтік қызмет көрсететін қарапайым еңбек адамдарының беделін арттыру – мемлекеттік саясаттың маңызды басымдықтарының бірі.
Күз мезгілі тек табиғаттың алтын түске енуімен емес, айналамызға мейірім шуағын шашатын ерекше мерекемен де қымбат. Қазан айы туысымен Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына қарасты «№2 стационарлық жағдайдағы орталығы» КММ-де Халықаралық Қарттар күніне арналған 10 күндік ауқымды іс-шаралар тізбегі өтіп, өзінің салтанатты қорытындысын шығарды.
Бұл күндер орталық тұрғындары үшін мереке болуымен қатар, аяулы алақандардың жылуын сезініп, өткен күннің өнегелі естеліктерін жаңғыртқан рухани серпіліс кезеңіне айналды. Он күн бойы бұл мекенде әуезді ән мен сыңғырлаған күлкі, жарасымды сұхбат пен ақжарма тілектер толастаған жоқ. Өмірдің талай белесінен өтіп, еліміздің дамуына өзіндік үлесін қосқан қарияларға ерекше құрмет көрсетіліп, әрбір күн өзгеше мазмұнмен өрілді. Аға буын өкілдері өздеріне жасалған мұндай шынайы қамқорлық пен көңілге қуаныш ұялатқан ықыласқа ризашылықтарын білдіріп, жүрекжарды ақ баталарын бағыштады.
«Әлеуметтік қызметкер – бұл жай ғана мамандық емес, ол үлкен мейірім мен ерекше сабырлықты, биік адамгершілікті талап ететін ерекше миссия. Қоғамда масылдық көңіл-күйге жол бермей, адал еңбекпен елге қызмет етіп жүрген мамандарды ардақтау – басты міндетіміз. Кәсіподақ әрдайым еңбек адамының заңды құқықтары мен әлеуметтік жағдайын қорғайды.»
Шараның туы биік, мәртебесі жоғары сәті – әлеуметтік саланың ауыр да сауапты жүгін қайыспай көтеріп жүрген мамандарды арнайы ұлықтау рәсімі болды. «Қызмет» салалық кәсіподағының Шымкент қалалық филиалы қарттардың жанына демеу болып, мейірімділікті ту еткен үздік қызметкерлер мен кәсіподақ белсенділерінің еңбегін жоғары бағалады. Осы орайда, өз ісіне адал, жүрегі жылылыққа толы қаһармандар «Еңбек озаты» төсбелгісімен, сондай-ақ «Құрмет грамотасы» және «Алғыс хаттармен» салтанатты түрде марапатталды.
Қариялардың көңіл-күйін көтеріп, оларға отбасылық жылылық сыйлау – осы ұжымның басты ұстанымы болып қала бермек. Мерекелік жиын орталық өнерпаздарының концерттік бағдарламасымен түйінделіп, жиналғандарға ұмытылмас әсер сыйлады.












Comments