Мемлекеттің тірегі, елдің беделі саналатын мемлекеттік қызметшілердің еңбегі ешқашан елеусіз қалмақ емес. «23 маусым – Мемлекеттік қызметшілер күні» кәсіби мерекесіне орай, «Қызмет» салалық кәсіподағы Шымкент қалалық филиалының ұйымдастыруымен салтанатты жиын өтті. Кәсіподақ қозғалысының белсенді мүшелері мен өз ісінің нағыз шеберлері бас қосқан бұл басқосуда адал еңбек пен жоғары жауапкершілікке лайықты құрмет көрсетілді.
Мерекелік кештің шымылдығын ашқан «Қызмет» салалық кәсіподағы Шымкент қалалық филиалының төрағасы Серік Елемесұлы Әуесханов жиналған қауымды кәсіби мерекелерімен жүрекжарды құттықтады. Ол өз сөзінде мемлекеттік қызметтің жауапкершілігі мол, қиындығы мен қызығы қатар жүретін мәртебелі міндет екенін атап өтіп, кәсіподақ жұмысын жандандыруға үлес қосып жүрген белсенділерге алғыс білдірді.
Мемлекеттік қызмет – халықтың әл-ауқатын арттыруға, мемлекеттік саясаттың тиімді жүзеге асуына және қоғамның тұрақты дамуына негіз болатын маңызды сала. Бұл жүйеде еңбек ететін мамандар күн сайын жауапты шешімдер қабылдап, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға, мемлекеттік қызметтердің сапасын жақсартуға және елдің дамуына өз үлестерін қосып келеді. Олардың кәсібилігі мен адал еңбегі мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігін қамтамасыз ететін басты факторлардың бірі.
Осындай еңбек адамдарының еңбегі мен жетістіктерін кеңінен дәріптеу қоғамда адал еңбекке деген құрметті қалыптастырып, қарапайым қызметкерлердің ел игілігі жолындағы үлесін насихаттауға мүмкіндік береді. Өз ісіне жауапкершілікпен қарап, кәсіби шеберлігін үздіксіз жетілдіріп жүрген мемлекеттік қызметшілер жастар үшін еңбекқорлықтың, тәртіптің және отансүйгіштіктің жарқын үлгісі болып табылады.
Еңбек адамын ұлықтау – қоғамда еңбек құндылықтарын нығайтудың маңызды тетігі. Мұндай игі бастамалар еңбексүйгіштікке баулып, әрбір жетістіктің негізінде адал еңбек пен табандылық жатқанын көрсетеді. Сонымен қатар қарапайым еңбек адамдарының кәсіби жетістіктерін насихаттау патерналистік көңіл-күй мен масылдықтың төмендеуіне ықпал етіп, өз еңбегімен ел дамуына үлес қосуды басты құндылық ретінде орнықтырады.
Салтанатты шара аясында ел дамуы мен кәсіподақтар қозғалысына сіңірген өлшеусіз еңбектері үшін бірқатар азаматтар жоғары марапаттарға ие болды. Төмендегі қызметкерлердің есімі мақтанышпен аталды:
— Шымкент қалалық мәслихатының «Алғыс хатымен» халық пен билік арасындағы алтын көпір болып жүрген Ракшона Махкамқызы Альдикова марапатталды;
— Көп жылғы қажырлы еңбегі мен кәсіби шеберлігі үшін филиалдың ең мәртебелі «Еңбек озаты» төсбелгісі Гүлмира Оразбекқызы Ешимбетоваға, Бекасыл Сәкенұлы Олжабайға, Ляззат Ахметжанқызы Рамазановаға және Бағлан Сансызбайұлы Өтеуліге салтанатты түрде табысталды;
— Өз ісіне деген адалдығы мен белсенділігі үшін Дастан Әкімұлы Қожақ филиалдың «Құрмет грамотасымен» марапатталды;
— Кәсіподақ ұйымының дамуына қосқан үлесі үшін Тәжіхан Абдықұлқызы Әбдіқалықоваға филиалдың «Алғыс хаты» табыс етілді.
Бұл марапаттар тек атқарылған істің қорытындысы ғана емес, елге қызмет ету жолындағы жаңа белестердің бастауы. Мемлекетіміздің өркендеуі жолында аянбай тер төгіп жүрген барша қызметкерлердің еңбегі жемісті, мәртебесі биік болғай!
ЕЛ ИГІЛІГІ ЖОЛЫНДАҒЫ ЕҢБЕК: ШЫМКЕНТТЕ МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТШІЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ












Comments