Қоғамның дамуы мен өркендеуі өз жұмысына адал, кәсіби білікті мамандардың еңбегіне тікелей байланысты. Осындай жауапкершілігі жоғары, ұжымына сыйлы әрі отбасында ардақты ана болып отырған жандардың бірі – Игисинова Айжан Жақсылыққызы. Оның спорт саласындағы көпжылдық еңбек жолы мен өмірлік ұстанымы көпке үлгі боларлықтай.
Айжан Жақсылыққызы 1984 жылы 24 сәуірде Оңтүстік Қазақстан облысының Кентау қаласында дүниеге келген. Ол жастайынан білімге құштар болып өсіп, 2007 жылы М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің педагогикалық факультетін «Психолог» мамандығы бойынша сәтті тәмамдады. Жоғары білім алғаннан кейін, дәл сол жылы еңбек жолын Оңтүстік Қазақстан облысының №2 олимпиада резервінің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде педагог-психолог қызметінен бастады. Бұл қызметте ол жас спортшылардың психологиялық тұрғыдан шыңдалуына және олардың жетістікке жетуіне өз үлесін қосты.
Уақыт өте келе жинақтаған мол тәжірибесінің арқасында 2022 жылы Шымкент қаласының №2 жеңіл атлетика мен велосипед спортынан олимпиада резервінің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебіне кадр бойынша инспектор қызметіне қабылданды. Мұнда да өзінің ұйымдастырушылық қабілеті мен тиянақтылығын көрсете білді. Қазіргі таңда Айжан Жақсылыққызы Шымкент қаласының дене шынықтыру және спорт басқармасына қарасты «Шымкент кәсіпқой бокс түрлері клубы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде әдіскер қызметін абыроймен атқарып келеді.
Айжан Игисинова өзіне тапсырылған әрбір іске аса үлкен жауапкершілікпен және адалдықпен қарайды. Оның осы қасиеттері мен адамгершілік құндылықтары әріптестері арасында жоғары бағаланып, ұжымда үлкен сый-құрметке ие болуына негіз болды.
Ол тек өз кәсібінің шебері ғана емес, сонымен бірге шаңырағының тірегі болып отырған аяулы ана. Бүгінгі таңда Айжан Жақсылыққызы мектеп қабырғасында білім алып жатқан ұлы мен қызын тәрбиелеп, өсіруде.
Айжан Жақсылыққызының еңбек жолы – қарапайым еңбек адамының табандылық пен кәсібіне деген адалдық арқылы биік белестерге жететінінің жарқын дәлелі. Спорт саласында қызмет ете жүріп, ол жас спортшылардың жан-жақты дамуына, ұжымның нәтижелі жұмысына және саланың өркендеуіне өз үлесін қосып келеді. Әрбір міндетке жауапкершілікпен қарап, үздіксіз ізденіс пен кәсіби дамуды өмірлік ұстанымына айналдыруы оны әріптестері арасында беделді маман ретінде танытты.
Осындай еңбек адамдарының өмір жолын кеңінен насихаттау қоғамда адал еңбекке деген құрметті қалыптастырып, қарапайым жұмысшылардың еңбегі мен жетістіктерін дәріптеуге мүмкіндік береді. Өз ісіне жанашырлықпен қарап, кәсіби шеберлігін ұдайы жетілдіріп жүрген мамандар жастарға еңбексүйгіштік, жауапкершілік және мақсаткерлік қасиеттерінің маңызын үлгі етеді. Бұл – еңбектің әрдайым нәтижеге жеткізетін басты құндылық екенін айқын көрсетеді.
Еңбек адамын ұлықтау – еңбек мәдениетін нығайтудың және қоғамда белсенді өмірлік ұстанымды қалыптастырудың маңызды бағыты. Мұндай тағылымды өмір жолдары патерналистік көңіл-күй мен масылдықтың төмендеуіне ықпал етіп, әрбір азаматтың өз еңбегі мен білімі арқылы табысқа жете алатынын дәлелдейді. Айжан Жақсылыққызының өнегелі өмірі мен кәсіби қызметі – адал еңбекке деген құрметтің және жас ұрпаққа үлгі болатын өмірлік ұстанымның айқын көрінісі.
ЕҢБЕК АДАМЫ: ӨЗ ІСІНІҢ МАМАНЫ ЖӘНЕ АЯУЛЫ АНА – АЙЖАН ЖАҚСЫЛЫҚҚЫЗЫНЫҢ ЕҢБЕК ЖОЛЫ МЕН ӨНЕГЕЛІ ӨМІРІ












Comments