Дәрігерлік – жүректің қалауы, үлкен жауапкершілік пен адам баласына деген шексіз махаббатты талап ететін қасиетті миссия. Осындай қиын да абыройлы жолды өмірінің басты мұратына айналдырып, қырық жылдан астам уақыт бойы халық денсаулығын сақтауға өлшеусіз үлес қосып келе жатқан жанның бірі – Муминова (Курбаналиева) Ханзират Музаппаровна.
Ханзират Музаппаровна 1957 жылы 19 қарашада Оңтүстік Қазақстан (қазіргі Түркістан) облысы, Түркістан ауданына қарасты Атабай ауылында дүниеге келген. Бала күннен білімге құштар, мақсаты айқын ару Карл Маркс атындағы №20 мектепті үздік тәмамдайды. Жаны шипагерлікті қалаған ол 1975 жылы Самарқанд мемлекеттік медицина институтының «Емдеу ісі» факультетіне оқуға түсіп, 1981 жылы аталған іргелі оқу орнын «Терапевт» мамандығы бойынша ойдағыдай бітіріп шығады.
Ақ халатты абзал жанның алғашқы еңбек жолы 1982 жылы Кентау қалалық ауруханасында терапевт дәрігер болып басталды. Содан кейінгі саналы ғұмыры мен кәсіби өсу жылдары Шымкент қаласымен тығыз байланысты болды. Ол 1984–2020 жылдар аралығында, яғни 36 жыл бойы үзіліссіз №2 қалалық ауруханада («Фосфор» медициналық-санитарлық бөлімі) аянбай тер төкті. Осы уақыт ішінде учаскелік терапевт, «Кәсіби патология» бөлімінің ординаторы, перзентхана дәрігері, «Терапия» бөлімінің маманы және терапия учаскелерінің меңгерушісі сияқты жауапты қызметтерді атқарды. 2000 жылдан бері жоғары санатты дәрігер атанып, мыңдаған пациенттің алғысына бөленді.
Тәжірибесі толысқан білікті маман зейнет жасына жетсе де, сүйікті ісінен қол үзген жоқ. 2020–2023 жылдары «Әсем медикал» ЖШС клиникасында, ал 2023 жылдың сәуір айынан бастап бүгінгі күнге дейін «Камеya Pharm Group» ЖШС клиникасында дәрігер-эксперт мәртебесінде жемісті қызмет атқарып келеді.
Оның терең білімі мен сараптамалық қырағылығы медициналық қызмет сапасын арттыруға үлкен септігін тигізуде.
Ханзират Музаппаровна 1983 жылы шаңырақ көтеріп, үлгілі отбасының аяулы жары атанды. Бүгінде артынан ерген саналы ұл тәрбиелеп, ибалы келін түсіріп, немерелерінің сүйікті әжесі болып отырған бақытты ана.
Ханзират Музаппаровнаның өмір жолы – еңбек адамының қоғамдағы орны мен маңызын айқын көрсететін тағылымды үлгі. Дәрігердің әр күні адам өмірі мен денсаулығына деген жауапкершіліктен басталады. Көпжылдық тәжірибесі, кәсіби шеберлігі және Гиппократ антына деген адалдығы арқылы ол медицина саласында адал еңбектің, жанашырлықтың және жоғары адамгершіліктің жарқын үлгісін қалыптастырды.
Осындай қарапайым еңбек адамдарының ұзақ жылғы қызметі мен кәсіби жетістіктерін кеңінен насихаттау – қоғамда еңбекке деген құрметті арттырудың маңызды бағыты. Өз ісіне адал болып, үздіксіз ізденіс пен кәсіби дамуды өмірлік ұстанымына айналдырған мамандар кейінгі буынға еңбекқорлықтың, жауапкершіліктің және табандылықтың мәнін ұғындырады. Бұл жастарды еңбексүйгіштікке баулып, әрбір жетістіктің негізінде маңдай тер мен тынымсыз еңбек жатқанын түсінуге ықпал етеді.
Еңбек адамын дәріптеу – адал еңбекті жоғары бағалайтын қоғам қалыптастырудың басты шарттарының бірі. Мұндай өнегелі тұлғалардың өмір жолы патерналистік көңіл-күй мен масылдықтың төмендеуіне оң әсер етіп, әр азаматтың өз білімі мен еңбегіне сүйене отырып табысқа жете алатынын дәлелдейді. Ханзират Музаппаровнаның саналы ғұмыры мен халық игілігі жолындағы қалтқысыз қызметі – кәсібіне адалдықтың, еңбекке деген құрметтің және адамға қызмет етудің биік үлгісі.
ҮЛГІ ТҰТАР ТҰЛҒА: ГИППОКРАТ АНТЫНА АДАЛ ҒҰМЫР













Comments