Мемлекеттік қызметшілер күні қарсаңында Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков мемлекеттік қызмет жүйесінің дамуы мен тиімді жұмысына елеулі үлес қосқан қызметкерлерге Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің ведомстволық наградаларын табыстады.
«Үздік мемлекеттік қызметші» ведомстволық наградасымен қала әкімдігі аппаратының бас инспекторы Насурлаева Гүлжаһан Тасшабайқызы марапатталды.
«Мемлекеттік қызмет ардагері» ведомстволық наградасы халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының әлеуметтік төлемдерді тағайындау және жүзеге асыру бөлімінің бас маманы Байырбекова Алмира Сайлауқызына, сондай-ақ, кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының өнеркәсіп және экспорт бөлімінің бас маманы Зайнутдинова Ләйлә Шамилқызына табысталды.
Марапат иелерін құттықтаған шаһар басшысы мемлекеттік қызметтің жоғары жауапкершілікті, кәсібилікті және өз ісіне адалдықты талап ететінін атап өтті.
Қала әкімі мемлекеттік қызметшілердің көп жылдық адал еңбегіне алғыс білдіріп, дәл осындай білікті мамандар мемлекеттік органдардың тұрақты әрі тиімді жұмысын қамтамасыз ететінін, қаланың дамуына қомақты үлес қосып отырғанын жеткізді.
Айта кету керек, ведомстволық наградалардың табысталуы – марапатталған қызметкерлердің ұзақ жылғы мінсіз еңбегінің, жоғары кәсіби біліктілігінің және мемлекеттік басқару жүйесін нығайтуға қосқан елеулі үлесінің айқын көрінісі.
Мемлекеттік қызмет – елдің тұрақты дамуы мен халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған маңызды сала. Бұл жүйеде еңбек ететін әрбір маман күн сайын өзіне жүктелген міндетті жауапкершілікпен орындап, азаматтарға сапалы қызмет көрсетуге, мемлекеттік бағдарламалардың тиімді жүзеге асуына және қоғамның сенімін нығайтуға өз үлесін қосады. Сондықтан ұзақ жылдар бойы адал еңбек етіп, кәсіби біліктілігімен ерекшеленген қызметкерлерді марапаттау – олардың еңбегіне көрсетілген лайықты құрмет.
Осындай еңбек адамдарының өмір жолы мен кәсіби жетістіктерін насихаттау қоғамда адал еңбек құндылығын дәріптеп, қарапайым мамандардың ел дамуына қосқан үлесін кеңінен танытуға мүмкіндік береді. Өз ісіне берілгендік пен табандылықтың арқасында жоғары нәтижеге жеткен мемлекеттік қызметшілер жас буын үшін үлгі болып, еңбекқорлықтың, жауапкершіліктің және кәсіби шеберліктің маңызын айқын көрсетеді.
Еңбек адамын ұлықтау – тек марапаттау рәсімі ғана емес, еңбекке деген құрмет мәдениетін қалыптастырудың маңызды тетігі. Мұндай игі бастамалар жастарды еңбексүйгіштікке баулып, патерналистік көңіл-күй мен масылдықтың төмендеуіне ықпал етеді. Адал еңбек пен кәсіби біліктілікті жоғары бағалайтын қоғам ғана тұрақты дамып, бәсекеге қабілетті мемлекет қалыптастыра алады. Сондықтан еңбек адамдарының жетістіктерін кеңінен дәріптеу – қоғамдық сананы жаңғыртудың және еңбек құндылықтарын нығайтудың маңызды бағыты болып қала береді.
МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТШІЛЕР КҮНІ ҚАРСАҢЫНДА ҮЗДІК ҚЫЗМЕТКЕРЛЕР МАРАПАТТАЛДЫ













Comments