«Халің қалай, бастауыш ұйым?» акциясы аясында «Қызмет» салалық кәсіподағы Шымкент қалалық филиалының мүшелік ұйымы – Шымкент қаласының цифрландыру басқармасының қызметкерлерімен кездесу өткізіліп, кәсіподақ мүшелерінің хал-жағдайларымен танысты.
Кездесуде «Қызмет» салалық кәсіподағы Шымкент қалалық филиалының төрағасы Әуесханов Серік Елемесұлы ұжым қызметкерлерін «23 маусым – Мемлекеттік қызметшілер күні» мерекесімен құттықтап, бірқатар белсенді кәсіподақ мүшелеріне филиалдың наградаларын табыстады.
Атап айтқанда:
— «Еңбек озаты» төсбелгісімен Жанаева Жанат Табынбайқызы;
— «Құрмет грамотасымен» Ұлықбек Ернар Қайратұлы;
— «Алғыс хатпен» Садық Әділет Нұрғисаұлы марапатталды.
Кездесу барысында кәсіподақ қызметінің негізгі бағыттары, еңбек ұжымындағы әлеуметтік әріптестікті дамыту, қызметкерлердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мәселелері де талқыланды. Ашық пікір алмасу форматында өткен жиында қызметкерлер өз ұсыныстарын білдіріп, еңбек жағдайларын жақсарту бағытындағы бастамалар жөнінде ой бөлісті.
Цифрландыру саласының мамандары мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыруға, ақпараттық жүйелерді жетілдіруге және заманауи технологияларды тиімді енгізуге күн сайын өз үлестерін қосып келеді. Олардың еңбегі тұрғындарға көрсетілетін қызметтердің қолжетімділігі мен тиімділігін арттырып, мемлекеттік басқару жүйесінің ашықтығы мен жеделдігін қамтамасыз етуге бағытталған. Бұл – жоғары кәсіби білімді, ұқыптылықты және үздіксіз ізденісті талап ететін жауапты еңбек.
Осындай еңбек адамдарының жетістіктерін дәріптеу қоғамда адал еңбекке деген құрметті қалыптастырып, қарапайым қызметкерлердің кәсіби еңбегінің маңызын кеңінен насихаттауға мүмкіндік береді. Өз ісіне жауапкершілікпен қарап, кәсіби шеберлігін үнемі жетілдіріп жүрген мамандар жастар үшін үлгі болып, еңбексүйгіштік пен жаңашылдыққа ұмтылудың жарқын көрінісін көрсетеді.
Еңбек адамын ұлықтау – еңбек мәдениетін нығайтудың маңызды бөлігі. Мұндай бастамалар патерналистік көңіл-күй мен масылдықтың төмендеуіне ықпал етіп, әрбір азаматтың өз білімі мен еңбегінің арқасында табысқа жете алатынын насихаттайды. «Халің қалай, бастауыш ұйым?» акциясы аясындағы кездесулер де еңбек ұжымдарының бірлігін күшейтіп, қызметкерлердің әлеуметтік қорғалуын арттырумен қатар, еңбек адамының қоғамдағы беделін көтеруге өз үлесін қоса береді.
ЦИФРЛАНДЫРУ БАСҚАРМАСЫ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІМЕН КЕЗДЕСУ ӨТТІ













Comments