Спорт десе ішкен асын жерге қоятын жанкүйерлер қауымы шаршы алаңдағы тартысты жекпе-жектерді дем шығармай тамашалап, былғары қолғап шеберлерінің соққыларына тәнті болып жатады. Алайда, сол спортшының жеңіске деген жігерін жанып, психологиялық тұрғыдан шыңдалуына, физикалық дайындықпен қатар ішкі сенімділікті қалыптастыруға көлеңкеде жүріп орасан зор үлес қосатын мамандардың еңбегі ерен. Осындай жауапты да күрделі саланың тізгінін ұстап, спорттық психология бағытында адал қызмет етіп келе жатқан білікті мамандардың бірі – Бейсенова Закира Бегмұратқызы.
Закира Бегмұратқызы 1988 жылдың 19 қарашасында Оңтүстік Қазақстан облысы, Шұбар ауылында дүниеге келген. 2006 жылы Шымкент қаласындағы Д. Нұрпейісова атындағы жалпы орта мектепті, ал 2010 жылы Орталық Азия Инновациялық университетін «Педагогика және психология» мамандығы бойынша тәмамдап, жоғары білім алды.
Кез келген маманның кәсіби деңгейі оның тәжірибесімен және өз ісіне деген адалдығымен өлшенеді. Жоғары білімді жас маман өзінің еңбек жолын психология саласымен тығыз байланыстырып, 2013 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін «Шымкент кәсіпқой бокс түрлері клубы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде психолог қызметін абыроймен атқарып келеді.
Ол спортшылардың жауапты жарыстар алдындағы психологиялық дайындығын жетілдіруге, ішкі жігерін жанып, тұлғалық әрі кәсіби тұрғыдан дамуына зор септігін тигізуде. Күрделі де жауапты саланың тізгінін ұстаған білікті маман отандық спорт психологиясы бағытында өнімді еңбек етіп келеді.
Қызметте белсенді Закира Бегмұратқызы отбасында да үлгілі ана, аяулы жар. Бүгінде жолдасымен бірге үш қыз және бір ұл өсіріп, төрт балаға салиқалы тәрбие беріп отыр.
Кәсіби білімін үнемі жетілдіріп, қоғам игілігі мен спорт қауымдастығының дамуы жолында аянбай төккен тері оның өз ісіне деген шынайы сүйіспеншілігінің айқын көрінісі.
Закира Бегмұратқызының еңбек жолы – еңбек адамының жетістігі тек көзге көрінетін нәтижелермен ғана өлшенбейтінінің жарқын дәлелі. Спортшылардың жеңіс тұғырына көтерілуіне үлес қосатын психолог маманының еңбегі көбіне көпшілік назарынан тыс қалса да, оның маңызы орасан зор. Әрбір спортшының сенімділігі, жігері мен психологиялық тұрақтылығы – осындай кәсіби мамандардың жүйелі еңбегінің нәтижесі.
Бүгінде еңбек адамының беделін арттыру, түрлі салада адал қызмет етіп жүрген қарапайым мамандардың еңбегін насихаттау қоғам үшін маңызды міндеттердің бірі. Өз кәсібіне адалдық танытып, үздіксіз ізденіс пен жауапкершілікті өмірлік ұстанымына айналдырған мамандар жастарға еңбекқорлықтың, табандылықтың және кәсіби шеберліктің үлгісін көрсетеді. Осындай өмір жолдары жас ұрпақты еңбексүйгіштікке баулып, өз қабілетін еңбек арқылы дамытуға ынталандырады.
Адал еңбекпен жеткен жетістік – тұрақты дамудың басты кепілі. Сондықтан еңбек адамдарының тәжірибесін дәріптеу қоғамда еңбекке деген құрметті нығайтып, патерналистік көңіл-күй мен масылдықтың төмендеуіне ықпал етеді. Закира Бегмұратқызының кәсіби қызметі мен өнегелі отбасы өмірі еңбек пен жауапкершілікті қатар алып жүруге болатынын дәлелдеп, жас буынға үлгі болатын тағылымды өмір жолын айшықтайды.
ЕҢБЕК АДАМЫ ЕҢБЕК ПЕН ОТБАСЫН ТЕҢ ҰСТАҒАН МАМАН












Comments