ӘлеуметЖаңалықтарҚоғам

ШЫМКЕНТТЕ ЕҢБЕК АДАМДАРЫ ҰЛЫҚТАЛДЫ: «ҚАРАТАУ» МЕКЕМЕСІНІҢ ҮЗДІК ЖҰМЫСШЫЛАРЫ МАРАПАТТАЛДЫ

Шымкент қаласында қоғам игілігі үшін аянбай тер төгіп жүрген қарапайым еңбек адамдарын моральдық тұрғыда ынталандыру және олардың мәртебесін көтеру шаралары жалғасуда. Осы ретте, Қаратау ауданы әкімі аппаратының «Қаратау» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде айтулы оқиға орын алып, өз ісінің нағыз шеберлері жоғары марапатқа ие болды.
«Қызмет» салалық кәсіподағының Шымкент қалалық филиалы тарапынан өндірісте ерекше көзге түскен, өз міндеттерін мінсіз атқарған ең үздік жұмысшыларды ынталандыру мақсатында арнайы «Еңбек озаты» төс белгілері тағайындалған болатын. Аталған марапаттарды мекеме басшысы Алмас Қаюпов жұмысшы мамандарға салтанатты жағдайда арнайы табыс етті.
Мекеменің абыройын асқақтатып, күнделікті жұмыста жоғары нәтиже көрсетіп, «Еңбек озаты» төс белгісімен марапатталғандар: Қанат Илесұлы Асанов, Әбіл Сатыбалдыұлы Жақсыбеков, Амандық Жүнісбайұлы Жалғасбаев, Бекайдар Атиярұлы Жұматай, Айгүл Саидәліқызы Құралова, Ақмарал Елтайқызы Сағынбекова, Асылбек Оралұлы Сәрсенбай, Нұралы Ержанұлы Жолдас және Нұрсұлтан Илясұлы Дартаев.
Мекеме басшылығы марапат иелерін құттықтай отырып, олардың қаланың өсіп-өркендеуіне, коммуналдық саланың тұрақты жұмыс істеуіне қосып жатқан үлестерін ерекше атап өтті. Мұндай іс-шаралар еңбек ұжымының ауызбіршілігін нығайтып, мамандардың өз кәсібіне деген сүйіспеншілігін арттыруға үлкен септігін тигізеді.
Марапат иелері де өз кезегінде көрсетілген құрмет пен қолдауға ризашылықтарын білдіріп, алдағы уақытта да Шымкент шаһарының игілігі жолында аянбай қызмет ете беретіндіктерін жеткізді.
Коммуналдық сала қызметкерлерінің еңбегі – қаланың қалыпты тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететін маңызды әрі жауапты жұмыс. Көшелердің тазалығы, қоғамдық орындардың күтімі, инфрақұрылым нысандарының үздіксіз қызметі сияқты күнделікті көзге бірден байқала бермейтін жұмыстардың барлығы еңбек адамдарының кәсібилігі мен табандылығының нәтижесі. Сондықтан олардың еңбегін бағалау және қоғам алдында лайықты құрмет көрсету – еңбек мәдениетін қалыптастырудың маңызды тетіктерінің бірі.
«Еңбек озаты» төсбелгісімен марапатталған мамандардың жетістігі – өз ісіне адалдықтың, жауапкершіліктің және үздіксіз еңбектің нақты көрінісі. Осындай қарапайым жұмысшылардың кәсіби жолын насихаттау жастар арасында еңбекқорлықты, тәртіптілік пен адал еңбектің қадірін түсінуге ықпал етеді. Табысқа жетудің басты жолы – маңдай термен еңбек етіп, өз кәсібін жетік меңгеру екендігін осындай еңбек адамдарының өнегесі дәлелдейді.
Еңбек адамын ұлықтау – тек марапаттаумен шектелмейтін маңызды қоғамдық құндылық. Ол қоғамда адал еңбекке деген құрметті күшейтіп, қарапайым жұмысшы мамандықтарының беделін арттыруға, патерналистік көңіл-күй мен масылдықтың төмендеуіне оң әсер етеді. Өз еңбегімен ел игілігіне үлес қосып жүрген азаматтарды кеңінен дәріптеу арқылы еңбекқор, жауапты және белсенді қоғам қалыптастыруға берік негіз қаланады.

ЧЕЛОВЕК ТРУДА ЖИЗНЕННЫЙ ПУТЬ, СОТКАННЫЙ ИЗ ПРЕДАННОСТИ СВОЕМУ ДЕЛУ

Алдыңғы

ЧЕСТВОВАНИЕ ЛЮДЕЙ ТРУДА В ШЫМКЕНТЕ: НАГРАЖДЕНЫ ЛУЧШИЕ РАБОТНИКИ УЧРЕЖДЕНИЯ «КАРАТАУ»

Келесі

Оқи отырыңыз

Comments

Leave a reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *