ӘлеуметЖаңалықтарҚоғам

ЕҢБЕК АДАМЫ ЕҢБЕККЕ АДАЛДЫҚПЕН ӨРІЛГЕН ӨМІР ЖОЛЫ

Қилыбаева Жұпар Қалдыбайқызы — өз ісінің нағыз шебері, өнер ұжымының мақтанышы және отбасының берекесін кіргізіп отырған аяулы ана. Оның өмір жолы мен еңбек соқпағы — жас буынға үлгі боларлықтай өнегелі хикая.
Жұпар Қалдыбайқызы қасиетті Ақтөбе облысының Шалқар ауданында дүниеге келген. Жастайынан еңбекке икемді, өнерге құштар болып өскен ол 1983 жылы Қызылорда қаласындағы №43 кәсіптік училищені тігіншілік мамандығы бойынша тәмамдайды. Өз соқпағын ерте тапқан кейіпкеріміз алғашқы еңбек жолын 1986 жылы Қызылорда қаласындағы киім фабрикасында қарапайым тігінші болып бастады. Бұл жылдар оның кәсіби тұрғыдан шыңдалып, ине мен жіптің сиқырын терең ұғынуына үлкен септігін тигізді.
Уақыт өте келе оның шеберлігі мен іскерлігі мәдениет саласымен тоғысты. Жұпар Қалдыбайқызы 2015 жылы сол кездегі «Оңтүстік Қазақстан облыстық әзіл-сықақ және сатира театры» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорнының тігін шеберханасына пішіп-тігуші қызметіне қабылданады. Ал бүгінгі таңда ол Шымкент қалалық әзіл-сықақ және сатира театрында тігінші болып, абыройлы еңбек етіп келеді.
Театр — бұл тек актерлердің ғана емес, сахна сыртындағы көрінбейтін майдан шептерінің де ортақ шығармашылық мекені. Жұпар Қалдыбайқызы театр сахнасында көрерменге жол тартқан кез келген жанрдағы спектакльдердің костюмдерін асқан шеберлікпен және биік талғаммен әзірлейді. Әр кейіпкердің мінезін, дәуір тынысын киім арқылы жеткізуде оның қосқан үлесі орасан зор. Ол өз ісіне деген шексіз жауапкершілігі мен адалдығының арқасында ұжым арасында үлкен сый-құрметке ие болып, нағыз еңбек адамының эталонына айналды.
Қызметтегі табысымен қатар, Жұпар Қалдыбайқызы отбасының алтын діңгегі. Ол өнегелі отбасында екі ұл тәрбиелеп өсірді. Бүгінде сол ұлдарынан өрбіген немерелерінің қызығына тоймай, ақ жаулықты әже атанып отырған бақытты ана.
Маңдай терімен келген кәсіби табыс пен отбасылық бақытты қатар ұстаған Жұпар Қалдыбайқызының еңбек жолы — өз ісін сүюдің шынайы үлгісі.
Қарапайым жұмысшылардың еңбегін бағалау, олардың жетістіктерін кеңінен таныту еңбек адамының мәртебесін көтеріп қана қоймай, қоғамда патерналистік көңіл-күй мен масылдықтың төмендеуіне де ықпал етеді. Өйткені кез келген табыстың негізінде адал еңбек, үздіксіз ізденіс пен өз ісіне деген сүйіспеншілік жатыр. Жұпар Қалдыбайқызының өнегелі ғұмыры – осы қағиданың жарқын дәлелі әрі кейінгі буынға бағыт-бағдар беретін өмір мектебі.

КЕНТАУЛЫҚ ЖАС РОБОТОТЕХНИКТЕР ҮНДІСТАНҒА ЖОЛДАМА ЖЕҢІП АЛДЫ

Алдыңғы

ЧЕЛОВЕК ТРУДА ЖИЗНЕННЫЙ ПУТЬ, СОТКАННЫЙ ИЗ ПРЕДАННОСТИ СВОЕМУ ДЕЛУ

Келесі

Оқи отырыңыз

Comments

Leave a reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *