Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының «№9 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде «21 маусым – Медицина қызметкерлерінің күні» кәсіби мерекесінің қарсаңында спорттық-көпшілік іс-шарасы өткізілді.
Іс-шараны мекеменің директоры Замира Әбілдаева мен бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Әсел Балабекова бас болып ұйымдастырып, қызықты спорттық ойын түрлерін қамти отырып, көңілді де қызықты етіп өткізіп, жеңімпаздарға мақтау грамоталары мен сыйлықтар және белсенді кәсіподақ мүшелеріне «Қызмет» салалық кәсіподағы Шымкент қалалық филиалының «Алғыс хаттарын» табыстады.
Медицина қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне арналған бұл іс-шара ұжым мүшелерінің бірлігін нығайтып, қызметкерлер арасында салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталды. Спорттық сайыстар барысында қатысушылар ұйымшылдық танытып, әр кезеңде өздерінің ептілігі мен шапшаңдығын көрсетіп, көтеріңкі көңіл күйде бақ сынасты. Қатысушылардың белсенділігі мен ынтымақтастығы мерекелік іс-шараның мазмұнын арттыра түсті.
Шара барысында медицина саласы мамандарының қоғамдағы орны мен жауапкершілігі ерекше аталып өтті. Адам денсаулығын сақтауға, әлеуметтік қызмет алушыларға сапалы медициналық көмек көрсетуге және олардың өмір сүру сапасын жақсартуға қосып жүрген еңбектері үшін қызметкерлерге алғыс білдірілді. Сондай-ақ кәсіподақ ұйымының ұжым мүшелерінің әлеуметтік-еңбек құқықтарын қорғау, олардың кәсіби дамуына қолдау көрсету және еңбек жағдайларын жақсарту бағытындағы жұмыстары да кеңінен айтылды.
Мерекелік кездесудің соңында қатысушылар ұйымдастырушыларға ризашылықтарын білдіріп, мұндай тағылымды әрі пайдалы іс-шаралардың ұжымдық ауызбіршілікті арттыруға, әріптестер арасындағы достық қарым-қатынасты нығайтуға және салауатты өмір салтын қалыптастыруға зор ықпал ететінін атап өтті. Осындай бастамалар еңбек ұжымының ұйымшылдығын күшейтіп қана қоймай, қызметкерлердің кәсіби қызметке деген ынтасын арттырып, жағымды жұмыс атмосферасын қалыптастыруға мүмкіндік береді.
«Қызмет» салалық кәсіподағы Шымкент қалалық филиалы алдағы уақытта да бастауыш кәсіподақ ұйымдарымен бірлесіп, еңбек адамын қолдауға, олардың әлеуметтік қорғалуын күшейтуге және кәсіби мерекелерді жоғары деңгейде ұйымдастыруға бағытталған іс-шараларды тұрақты түрде жалғастырады.
ӘЛЕУМЕТТІК САЛАДА МЕДИЦИНА ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ КҮНІНЕ АРНАЛҒАН ІС-ШАРА ӨТТІ













Comments