Қазығұрт ауданының әкімі Азизхан Исмаиловтың тапсырмасына сәйкес ауыл округтері мен халықаралық маңызы бар Шымкент-Ташкент бағытындағы автожол аумағында тазалық және шөп ору жұмыстары жүргізілді.
Сонымен қатар, аудан көлемінде тазалық мәдениетін қалыптастыру және қоршаған ортаның тазалығын қамтамасыз ету мақсатында ауылдық округ әкімі аппаратының мамандары мен учаскелік полиция инспекторлары кәсіпкерлік нысандарының иелерімен кездесіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Іс-шара барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасының маңыздылығы түсіндіріліп, аудан тұрғындары мен кәсіпкерлерге өздеріне тиесілі аумақтың тазалығына жауапкершілікпен қарауы қажет екені айтылды.
Түсіндіру жұмыстары аясында кәсіпкерлерге ең алдымен ескерту және түсіндіру шаралары жүргізілетіні жеткізілді. Сонымен қатар, кәсіпкерлік нысандарының маңында қоқыс үйінділерінің жиналуына немесе аумақтың талапқа сай күтіп ұсталмауына жол берілген жағдайда, қолданыстағы заңнамаға сәйкес әкімшілік жауапкершілік қарастырылатыны ескертілді.
Сондай-ақ тазалықты сақтау тек кәсіпкерлердің ғана емес, әрбір тұрғынның азаматтық міндеті екені атап өтілді. Үй іргесіндегі аумақты таза ұстау, қоқысты белгіленген орындарға шығару және үй маңындағы өсіп кеткен шөптердің уақытылы шабылуын қамтамасыз ету – баршаға ортақ жауапкершілік.
Айта кетейік, 1 шілдеден бастап қолданыстағы талаптарға сәйкес үй маңындағы қоқыс пен өсіп кеткен шөп үшін 130 мың теңгеге дейін әкімшілік айыппұл қарастырылған. Ал кез келген (белгіленбеген) орындарға қоқыс тастағаны үшін алғаш рет 21 625 теңге, қайталанған жағдайда 43 250 теңге көлемінде айыппұл салынады.
Тазалық – әрбір азаматтың мәдениеті мен жауапкершілігінің көрінісі. Сондықтан туған жеріміздің көркеюіне бірге атсалысып, қоршаған ортаны таза ұстауға үлес қосайық.
ҚАЗЫҒҰРТ: ТАЗАЛЫҚ БАРШАМЫЗҒА– ОРТАҚ МІНДЕТ












Comments