Бүгінгі таңда қоғамда ең жиі айтылатын мәселелердің бірі – жұмыссыздық. Әсіресе халық тығыз орналасқан, миллионнан астам тұрғыны бар Шымкент мегаполисінде «жұмыс табу қиын» деген пікірді жиі естиміз. Бірақ ресми статистика мен еңбек биржаларындағы мәліметтерге үңілсек, мүлдем басқа көріністі байқаймыз: қалада жүздеген, тіпті мыңдаған бос жұмыс орындары бар. Ендеше, «Бос жұмыс орны көп, бірақ жұмыссыз неге көп?» деген заңды сұрақ туындайды. Шымкенттің еңбек нарығындағы бұл парадокс жұмыстың жоқтығынан емес, қоғамдағы қалыптасқан стереотиптер мен жұмыс талғаушылықтан туындап отыр.
Шымкентте бүгінде бірнеше бағыт бойынша жұмыс күшіне деген сұраныс өте жоғары. Солардың алғашқысы — құрылыс саласы. Қала қарқынды түрде кеңейіп, жаңа шағын аудандар бой көтеріп жатқандықтан, құрылыс алаңдарында тас қалаушы, сылақшы, кран операторы, дәнекерлеуші сияқты мамандар ауадай қажет. Бұл салалардағы жалақы деңгейі де төмен емес, алайда жастар жағы ауыр физикалық еңбектен қашып, бұл орындарға жолағысы келмейді.
Екінші үлкен бағыт — техникалық мамандықтар. Индустриалды аймақтардағы зауыт-фабрикаларға білікті электриктер, автомеханиктер, станок операторлары мен инженерлер тұрақты түрде іздестіріледі. Қазіргі заманауи өндіріс орындары жұмысшыларға жайлы жағдай жасап, әлеуметтік пакеттер ұсынса да, кадр тапшылығы сезіліп отыр.
Үшінші кезекте — қызмет көрсету саласы. Мегаполистегі жүздеген дәмханалар, мейрамханалар, қонақ үйлер мен сауда орталықтары жыл он екі ай аспаз, даяшы, менеджер мен кассир бос орындарын жариялайды. Сауда мен туризм дамыған Шымкент үшін бұл — үлкен мүмкіндіктер алаңы.
Неліктен бос орындар тұрса да, жұмыссыздық мәселесі күн тәртібінен түспейді? Мұның басты себебі — диплом мен нарық сұранысының сәйкес келмеуі және психологиялық жұмыс талғаушылық. Көптеген жастар жоғары оқу орнын бітірген соң, бірден кеңседе отыратын, жауапкершілігі аз, бірақ жалақысы жоғары «жылы орынды» күтеді. Қарапайым жұмысшы немесе қызмет көрсетуші болуды «беделсіз» көретін түсінік санаға әбден сіңіп қалған.
Бұл — масылдық пен патерналистік көңіл-күйдің бір көрінісі. «Мемлекет маған мамандығым бойынша жұмыс тауып берсін» деп қол қусырып, жәрдемақыға телміріп отыру адамды өсірмейді. Шын мәнінде, нарық заңында жұмыс талғамай, кез келген адал еңбектен бастап, сатылап өскен адам ғана табысқа жетеді.
Шымкент еңбек нарығындағы шынайы көрініс мынаны көрсетеді: бүгінде жұмыс беруші үшін сіздің қызыл дипломыңыз емес, нақты не істей алатыныңыз, яғни дағдыларыңыз маңызды. Егер адамның еңбек етуге деген құлшынысы мен жауапкершілігі болса, Шымкентте ешқашан жұмыссыз қалмайды. Қалада қысқа мерзімді қайта даярлау курстары, кәсіптік кооледждер тегін білім беріп, мамандық ауыстыруға толық жағдай жасауда.
«Жұмыс жоқ» деген сылтауды ысырып қойып, нарықтың талабына бейімделетін уақыт жетті. Құрылысшы, аспаз немесе зауыт жұмысшысы болу — мақтаныш. Адал еңбекпен тапқан әрбір теңге адамның тәуелсіздігі мен отбасының берекесін құрайды. Шымкенттің еңбек нарығы кез келген ізденімпаз, еңбекқор жанға есігін айқара ашып отыр. Тек масылдық психологиясынан арылып, мүмкіндіктерді көре білу және жұмыстан қашпау қажет. Нағыз табыс пен бедел — бос үмітте емес, нақты іс пен маңдай терде.
БОС ЖҰМЫС ОРНЫ КӨП, БІРАҚ ЖҰМЫССЫЗ БА?













Comments