ӘлеуметЖаңалықтарҚоғам

САЙРАМ АУДАНЫНДА КӨПБАЛАЛЫ АНАЛАР МАРАПАТТАЛДЫ

Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың 2025 жылғы 12 қазандағы №1119 Жарлығына сәйкес, елімізде көпбалалы аналарды «Алтын алқа» және «Күміс алқа» мемлекеттік наградаларымен марапаттау туралы шешім қабылданды. Осы Жарлық аясында Сайрам ауданында тұратын 31 көпбалалы анаға мемлекеттік марапаттар салтанатты түрде табысталды. Атап айтқанда, 7 ана «Алтын алқа», ал 24 ана «Күміс алқа» төсбелгілерінің иегері атанды.
Салтанатты марапаттау рәсімі аудан орталығында өтіп, оған аудан әкімі Мадияр Мұхтарұлы Оразалиев, сала басшылары мен қоғам өкілдері қатысты. Іс-шара барысында аудан басшысы марапат иелерін шын жүректен құттықтап, аналардың қоғамдағы және отбасындағы айрықша рөліне тоқталды. Мемлекеттік наградаларды табыстау арқылы мемлекет тарапынан аналардың бала тәрбиелеудегі қажырлы еңбегіне, демографиялық өсімге қосып отырған үлесіне жоғары баға беріліп отырғаны атап өтілді.
Өз сөзінде аудан әкімі қазақ халқының ананы қашанда ерекше құрметтегенін тілге тиек етіп, әйел – отбасының ұйытқысы ғана емес, қоғамның дамуына да сүбелі үлес қосып келе жатқан тұлға екенін айтты. Бүгінде аналар мемлекеттік қызметте, қоғамдық өмірде, кәсіпкерлік пен шаруашылық салаларында табысты еңбек етіп, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына белсене атсалысып жүр.
– «Қыз өссе – елдің көркі» деген дана халқымыз әйел затына әрдайым жоғары құрмет көрсеткен. Ана – өмірдің шырағы, берекенің бастауы. Сіздердің мейірімдеріңіз бен тәрбиелеріңіз арқылы саналы, білімді, отансүйгіш ұрпақ өсіп келеді. Баршаңызға зор денсаулық, қажымас қайрат, отбасыларыңызға амандық пен береке тілеймін. Әр шаңырақта шаттық орнап, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын, – деді Мадияр Мұхтарұлы.
Айта кетейік, Сайрам ауданы демографиялық өсім көрсеткіші бойынша Түркістан облысындағы алдыңғы қатарлы аудандардың бірі саналады. Қазіргі таңда ауданда 12 911 көпбалалы ана тіркелген. Оның ішінде 129 ана «Батыр ана» атағына ие болса, 3 841 ана «Алтын алқа», 4 923 ана «Күміс алқа» иегері атанған. Сонымен қатар, 355 ана І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған.
Бұл көрсеткіштер аудан аумағында отбасы институтының берік екенін, мемлекет тарапынан көпбалалы отбасыларға көрсетіліп отырған қолдаудың нәтижелі жүзеге асырылып жатқанын айғақтайды. Мемлекеттік марапаттар аналардың мәртебесін арттырып қана қоймай, жас ұрпақты отбасылық құндылықтарды қадірлеуге, ата-анаға құрмет көрсетуге тәрбиелеуде маңызды рөл атқарады.
Алдағы уақытта да Сайрам ауданында көпбалалы аналарды қолдау, әлеуметтік қорғау және отбасы құндылықтарын нығайтуға бағытталған жұмыстар жүйелі түрде жалғасын табатын болады.

ЖЕТІСАЙ: Жетісайда өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзған кәсіпкерлік нысандар мен тұрғындарға айыппұл салынды

Алдыңғы

ШЫМКЕНТТЕ ӨТКЕН ЖЫЛЫ 82 МЫҢ ТОННА АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ӨНІМІ ЖИНАЛДЫ

Келесі

Оқи отырыңыз

Comments

Leave a reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *