ӘлеуметЖаңалықтарҚоғам

САРЫАҒАШ:ГАЗ ҚҰБЫРЫНЫҢ КҮЗЕТ АЙМАҒЫНДА ОРНАЛАСҚАН НЫСАНДАР МӘСЕЛЕСІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Сарыағаш ауданы әкімдігінде «Интергаз Орталық Азия» АҚ-ның «Шымкент» магистральдық газ құбырының күзет аймағында орналасқан нысандарға қатысты арнайы жиын өтті. Кездесу қауіпсіздік талаптарын сақтау, заң талаптарына сәйкес келмейтін нысандарды реттеу және тұрғындардың құқықтарын қорғау мақсатында ұйымдастырылды.
Жиынға Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев, аудан прокурорының орынбасары Берік Садыхов, аудандық сот төрағасы Алтай Утемисов, «Интергаз Орталық Азия» АҚ «Шымкент» магистральдық газ құбырлары басқармасы филиалының директоры Сәкен Исмайлов, аудандық тіркеу және жер кадастры бөлімінің басшысы Жандос Байдилдаев, аудан әкімі аппаратының заң және мемлекеттік-құқықтық бөлімшесінің өкілдері, сондай-ақ қала және ауылдық округ әкімдері қатысты.
Кездесу барысында магистральдық газ құбырының күзет аймағында орналасқан тұрғын және коммерциялық нысандардың қазіргі жағдайы кеңінен талқыланды. Жауапты мекемелер тарапынан қауіпсіздік талаптарының сақталмауы мүмкін аймақтар, жер пайдалану мәселелері және заңнамалық нормаларды сақтау қажеттігі жөнінде бірқатар ұсыныстар айтылды. Аталған ұсыныстардың барлығы хаттамаға енгізіліп, оларды іске асырудың нақты мерзімдері белгіленді.
Сонымен қатар жиын қорытындысы бойынша арнайы жұмысшы топ құру жөнінде шешім қабылданды. Бұл топ газ құбырының күзет аймағында орналасқан нысандарды зерделеп, заң талаптарына сәйкестігін анықтау, сондай-ақ қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған нақты іс-шаралар жоспарын әзірлейді. Жұмысшы топтың қызметі кезең-кезеңімен жүргізіліп, тиісті мемлекеттік органдармен бірлесіп жүзеге асырылатын болады.
Жиынды қорытындылаған аудан әкімі Арман Абдуллаев тұрғындарға қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыру – аудан әкімдігінің басты міндеті екенін атап өтті. Оның айтуынша, газ құбыры – стратегиялық маңызы бар нысан, сондықтан оның күзет аймағында орналасқан кез келген құрылыс пен нысан заң талаптарына қатаң сәйкес келуі тиіс.
– Тұрғындардың өмірі мен қауіпсіздігі бәрінен жоғары. Бұл бағытта тұрғындардың құқықтары мен заңды мүдделері толық сақталады. Газ құбырының күзет аймағындағы нысандарды реттеу жұмыстары заң аясында, ашық әрі әділ жүргізіледі. Барлық мәселе бақылауда болады, – деді аудан басшысы.
Аталған жиын Сарыағаш ауданында инженерлік инфрақұрылым қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, заң талаптарын сақтау мәдениетін арттыруға және тұрғындар үшін қауіпсіз өмір сүру ортасын қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам болды. Алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасатын болады.

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДАҒЫ САРЫАҒАШТА АЙНАЛМА ЖОЛДЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ БИЫЛ БАСТАЛАДЫ

Алдыңғы

РУХАНИЯТ САҢЛАҒЫ

Келесі

Оқи отырыңыз

Comments

Leave a reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *