ӘлеуметЖаңалықтарҚоғам

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДАҒЫ САРЫАҒАШТА АЙНАЛМА ЖОЛДЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ БИЫЛ БАСТАЛАДЫ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың V отырысында елдегі көлік инфрақұрылымын жүйелі дамыту мәселесіне ерекше тоқталып, өңірлердегі жол-көлік желілерін жаңғырту – экономикалық өсім мен тұрғындардың өмір сапасын арттырудың маңызды факторы екенін атап өтті. Президент өз сөзінде Сарыағаш қаласы маңындағы көлік қозғалысының жылдан жылға артып, транзиттік ағынның шамадан тыс жүктеме түсіріп отырғанын айтып, бұл түйткілді шешу үшін «Сарыағаш айналма жолы» жобасын іске асыруды тапсырды.
Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында аталған жобаны жүзеге асыру бойынша нақты жұмыстар қолға алынды. Қазіргі таңда Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі Автомобиль жолдары комитеті тарапынан мердігер ұйымды анықтау үшін конкурстық рәсімдер жүргізілуде. Бұл – жобаны сапалы әрі уақытылы іске асыруға бағытталған маңызды кезеңдердің бірі.
Жобаға сәйкес, Сарыағаш айналма жолының жалпы ұзындығы 102 шақырымды құрайды. Жобалау-сметалық құжаттаманың құны 238,1 млрд теңгеге бағаланған. Айналма жол I б санатындағы, төрт жолақты заманауи автомобиль жолы ретінде салынады. Жол республикалық маңызы бар А-15 автомобиль жолына балама бағыт қызметін атқарып, Сарыағаш қаласы мен оған іргелес елді мекендердегі көлік қозғалысының тығыздығын едәуір азайтуға мүмкіндік береді.
Аталған инфрақұрылымдық жоба транзиттік көліктердің қала аумағына кірмей, кедергісіз қозғалуын қамтамасыз етеді. Бұл өз кезегінде жол-көлік оқиғаларының алдын алуға, экологиялық ахуалды жақсартуға және қала тұрғындарының қауіпсіздігі мен жайлылығын арттыруға оң ықпалын тигізеді. Сонымен қатар айналма жол өңірдің көлік-логистикалық әлеуетін күшейтіп, халықаралық және өңіраралық жүк тасымалын дамытуға серпін береді.
Түркістан облысының әкімдігі Мемлекет басшысының тапсырмаларын сапалы әрі мерзімінде орындау бағытындағы жұмыстарды тұрақты бақылауда ұстап отыр. Жобаның барлық кезеңдері тиісті мемлекеттік органдардың қадағалауымен жүзеге асырылып, құрылыс жұмыстарын 2026 жылы бастау жоспарлануда.
Айта кетейік, Түркістан облысы бойынша автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 17 692 шақырымды құрайды. 2025 жылы облыс аумағында 291 нысан немесе 1241 шақырым автомобиль жолдары мен көшелер жөндеу жұмыстарымен қамтылды. Жыл қорытындысы бойынша 210 нысан, яғни 863,2 шақырым жол пайдалануға берілді.
Ал биыл облыс аумағында 476,7 шақырым жолдар мен көшелерді қамтитын 64 нысанның құрылысы жүргізіледі деп жоспарланған. Жыл соңына дейін 57 нысан немесе 347,6 шақырым автомобиль жолын пайдалануға беру көзделіп отыр. Бұл жұмыстар өңірдегі жол сапасын жақсартып қана қоймай, экономикалық байланыстарды нығайтуға және тұрғындардың қатынауын жеңілдетуге бағытталған.
Сарыағаш айналма жолының іске асуы – Түркістан облысындағы ірі инфрақұрылымдық жобалардың бірі ретінде өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосады.

Ақмола облысында құмар ойындарға тәуелділік тәуекелдері және мемлекеттік қызметтегі оның алдын алу шаралары талқыланды

Алдыңғы

САРЫАҒАШ:ГАЗ ҚҰБЫРЫНЫҢ КҮЗЕТ АЙМАҒЫНДА ОРНАЛАСҚАН НЫСАНДАР МӘСЕЛЕСІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Келесі

Оқи отырыңыз

Comments

Leave a reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *