Қазақтың дара перзенті, аса көрнекті импровизатор-ақын, әнші, сазгер, актёр Иса Байзақовтың туғанына 125 жыл толуына орай «Иса Байзақовтың ақындық поэтикасы» атты әдеби талқылау кеші өтті.
Іс-шараға М. Тынышбаев атындағы Қазақ көлік және коммуникациялар академиясы мен Шымкент көлік колледжінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы Сейдирова Шолпан, кітапхана меңгерушісі Қаракөз Жакипова студенттерімен бірге, №6 Ж. Баласағұн атындағы мектептің ұстазы Ешмахова Айгүл шәкірттерімен, Саз колледжінің студенттері және Қаратау дәстүрлі өнер мектебінің оқушылары қатысты.
Кеш барысында қатысушылар Иса Байзақовтың шығармашылық мұрасы мен ақындық поэтикасына терең талдау жасап, оның ұлттық өнердегі орны мен ерекше болмысын атап өтті. Іс-шарада ақын шығармашылығының мәнін ашып, тыңдаушыларға кеңінен таныстырған қонақтар қатарында Ешмахова Айгүл мен Орынтай Аружан болды.
Иса Байзақов — болмысы бөлек, бірнеше өнерді бойына жинаған, сал-серілік дәстүрдің жалғастырушысы. Оның ақындық стиліне тән желдірме формасы — қуаныш пен шабытты, еркіндікті паш ететін ұлттық ерекшелік. Бұл сарын «Желдірме» әні арқылы да көрініс тапты. Ү. Батырхан, С. Ұлан, Б. Нұрдаулет, Ж. Байбатыр сынды Саз колледжінің студенттері аталмыш туындыны нақышына келтіре орындады.
Ж. Баласағұн мектебінің оқушылары ақын өлеңдерін мәнерлеп оқыса, кітапхана қызметкерлері оның поэмаларына әдеби талдау жасады. Қаратау дәстүрлі өнер мектебінің шәкірттері Абеков Алмат пен Әбілда Марғұлан халық күйлерін тарту етті. Сонымен қатар, «Сәйгүлік» рухты әнін «Болашақ» мектебінің оқушысы Б. Серікбай әсерлі орындап, көрермен ықыласына бөленді.
Кеш барысында Иса Байзақовтың өршіл рухтағы жырлары мен сырлы әндері шырқалып, оның рухани мұрасы жан-жақты сараланды. Іс-шара соңында өнерпаз оқушыларға марапаттар табысталды.
Бұл әдеби кеш – ұлт руханиятының мәйегіне айналған тұлғаның шығармашылығын насихаттауға бағытталған тағылымды бастама болды.
Кеш соңында қатысушылар Иса Байзақовтың шығармашылық мұрасының бүгінгі ұрпақ үшін қаншалықты маңызды екенін атап өтіп, оның ұлттық руханиятқа қосқан үлесін жоғары бағалады. Осы арқылы жастарға ұлттық өнер мен әдебиетті ұлықтап, ата-бабадан қалған мәдени мұраны сақтауға деген жауапкершілікті түсіндіру мақсат етілді. Сонымен қатар, мұндай шаралар жастарға шығармашылық жетістіктерін көрсетуге, өз өнерлерін дамытуға және халқымыздың рухани байлығын дәріптеуге зор ықпал етеді.













Comments