Жаңалықтар

ШЫМКЕНТТЕ СОҢҒЫ АПТАДА 152 ҚЫЛМЫСТЫҚ ІС ТІРКЕЛДІ: ТҰРҒЫНДАРҒА САҚТЫҚ ШАРАЛАРЫН КҮШЕЙТУ ЕСКЕРТІЛДІ

Өткен аптада Шымкент қаласында қылмыстық қудалау органдары 152 қылмыстық істі тіркеді. Олардың басым бөлігі — алаяқтық (49 іс), ұрлық (30 іс), есірткі заттарының заңсыз айналымына (15 іс) және жол-көлік оқиғаларына (7 іс) қатысты деректер.

Қалада интернет арқылы жасалатын алаяқтық қылмыстары жиілеген. Соның ішінде 14 іс онлайн сауда және жалған қызметкерлердің атынан қоңырау шалу тәсілімен жасалған. Мәселен, «К» есімді тұрғынға өзін полиция қызметкері ретінде таныстырған белгісіз адам «сіздің атыңызға заңсыз несие рәсімделіп жатыр» деген сылтаумен сеніміне кіріп, 2 миллион 312 мың теңгесін иемденіп кеткен. Қазір бұл факт бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізілуде.

Мұндай жағдайлар жиілеп келе жатқандықтан, құқық қорғау органдары қала тұрғындарын аса сақ болуға шақырады. Кез келген ақпараттың шынайылығына көз жеткізбей, қаржылық шешім қабылдамау ұсынылады.

Сондай-ақ интернеттегі есірткі саудасы да қоғамның өзекті мәселесіне айналып отыр. Өткен аптада «М» есімді азамат өз шотына белгісіз тұлғадан 100 мың теңге түскенін айтып, оны кері қайтарған, ал сыйақы ретінде 10 мың теңге алған. Кейін белгілі болғандай, бұл қаражат есірткі сатумен айналысқан тұлғалар арқылы жіберілген. Осыған байланысты полиция тұрғындарға өз банк карталарын бөгде адамдарға пайдалануға бермеуді және күдікті ұсыныстардан бас тартуды ескертеді.

Ұрлық деректері де тыйылар емес. 5 қазан күні көпқабатты үй ауласында тұрған мопед ұрланып, иесіне 250 мың теңге көлемінде шығын келтірілген. Сондай-ақ мешітке намазға келген азаматтың ұялы телефоны қолды болған.

Полиция тұрғындарға жеке мүліктерін қараусыз қалдырмауды, қоғамдық орындарда абай болуды және бөтен адамдарға сенбеуді ескертеді.

Құқық қорғау органдарының мәліметтері бойынша, алаяқтық пен ұрлық қылмыстарының көбеюі қала тұрғындарының сақтық шараларын күшейтуді талап етеді. Жақында болған жағдайлар интернет алаяқтары мен мобильді құрылғылар арқылы жасалатын қылмыстардың жиілеуін көрсетеді. Тұрғындарға қосымша қауіпсіздік шараларын қабылдау, күдікті қоңырауларға жауап бермеу және шынайы емес ұсыныстарға сенбеу ұсынылады.

Сондай-ақ, есірткі заттарының заңсыз айналымына қарсы күрес бірқатар шараларды талап етеді. Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында, полиция банктік шоттар мен төлем карталарын бөгде адамдарға пайдалануға бермеуді қатаң ескертеді.

Сақтық – қауіпсіздіктің кепілі!

 

ШЫМКЕНТТЕ ҰЛТТЫҚ ТАҒАМ МӘДЕНИЕТІНЕ АРНАЛҒАН «ДӘН МЕН ДӘМ» ГАСТРОНОМИЯЛЫҚ ФЕСТИВАЛІ ӨТТІ

Алдыңғы

ҚАҢҒЫБАС ЖАНУАРЛАРДЫ СТЕРИЛИЗАЦИЯЛАУ ШАРАЛАРЫ: НӘТИЖЕЛЕР МЕН АЛҒА ҚОЙҒАН МАҚСАТТАР

Келесі

Оқи отырыңыз

Comments

Leave a reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *