Шымкент қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен «Бірыңғай есеп беру күні» өтті. Іс-шара жыл сайын қыркүйек айының соңғы бейсенбісінде республика көлемінде дәстүрлі түрде ұйымдастырылады.
Жиынға Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Айдын Кәрімовтың қатысуымен, сондай-ақ прокуратура органдары, аймақтық департаменттер, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы, қалалық бақылау-қадағалау органдары мен кәсіпкерлер қатысты.
Айдын Мейрамбекұлы жиын барысында кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау, бизнес үшін қолайлы орта қалыптастыру және ашық диалогты дамыту әкімдік жұмысының басым бағыттарының бірі екенін атап өтті. Сонымен бірге қала прокурорының м.а. Марлен Сламбеков кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау бағытындағы прокуратураның жұмысына тоқталды.
Жиында басқа да құзырлы органдардың өкілдері сөз сөйлеп, кәсіпкерлікке қатысты талдау нәтижелері мен алдын алу шаралары ұсынылды.
«Бірыңғай есеп беру күні» мемлекеттік органдар мен кәсіпкерлер арасындағы ынтымақтастықты арттырып, өзара түсіністікке жол ашты. Бұл алаң кәсіпкерлікке қолайлы жағдай жасауға және заңнаманы жетілдіруге бағытталған маңызды қадам болды.
Жиында Мемлекеттік кірістер департаменті, ҚР Бас прокуратурасының құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті департаменті, Полиция департаменті, Тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің жетекшілері баяндама жасап, жыл бойы атқарылған жұмыстарға есеп берді. Ал кәсіпкерлер өздерін толғандырған мәселелерді көтерді.
Мемлекеттік орган өкілдері кәсіпкерлердің сұрақтарына жауап беріп, ұсыныстарын тіркеуге алды.
Жиын барысында, сондай-ақ мемлекеттік органдар кәсіпкерлермен ашық диалог орнатудың маңыздылығын атап өтті. Бұл кездесулерде тек заң талаптары мен бақылау-қадағалау шаралары талқыланып қана қоймай, сонымен қатар, кәсіпкерлердің өз тәжірибелерін бөлісіп, болашақта кездесетін қиындықтарды қалай жеңуге болатындығы туралы пікір алмасу орын алды. Кәсіпкерлер, өз кезегінде, әкімшілік кедергілерді азайту, мемлекеттік қызмет көрсету процестерін оңтайландыру және бюрократияны қысқарту бойынша ұсыныстарын ортаға салды. Сонымен қатар, мемлекеттік органдар бизнес-қоғамдастықтың сұраныстарын ескеріп, заңнамалық өзгерістер мен жаңартуларды енгізу мақсатында жұмыс істейтіндігін мәлімдеді.
Comments