Мемлекеттік тілдің қоғамдық өмірде кеңінен қолданылуын қамтамасыз ету – тіл саясатының басты мақсаты. Осы орайда 2023–2029 жылдарға арналған тіл саясатын дамыту тұжырымдамасы аясында кәсіпкерлік нысандардағы маңдайша, жарнама, мәзір және бағалар мемлекеттік тілде дұрыс ресімделуі міндеттелген.
Шымкентте бұл бағыттағы жұмыстар қарқынды жүргізілуде. Бүгінге дейін 16 мыңнан астам нысан зерделеніп, 2380 кәсіпкерге кемшіліктерді түзету туралы ұсынымдар берілді. Оның ішінде 120 нысан заң талаптарына сәйкес реттелді, қалғандары түзету үстінде. Мәселен, «Мадлен», «Мизам», «Nanduk», «Ankara» сияқты танымал дәмханалардың мәзірлері мен көрнекі ақпараттары мемлекеттік тілде қайта рәсімделді.
Заңға сәйкес, жарнама мен көрнекі ақпарат алдымен қазақ тілінде, кейін қажет жағдайда басқа тілдерде берілуі тиіс. Бұл талап орындалмаған жағдайда кәсіпкерлерге айыппұл салынады: шағын бизнес үшін – 5 АЕК, орта бизнеске – 10 АЕК, ал ірі кәсіпорындарға – 25 АЕК көлемінде.
Тек соңғы айда «Е-Өтініш» порталы арқылы 112 жарнама жобасы келісімге ұсынылып, оның 97-сіне түзетулер енгізілді. Сонымен қатар, түсіндіру жұмыстары тұрақты жүргізілуде. Арнайы әдістемелік құралдар дәмханалар мен мейрамханаларға таратылып, WhatsApp, «2ГИС» және әлеуметтік желілер арқылы да жеткізілді.
Дегенмен қала көшелерінде заңға сай келмейтін жаңа жарнамалар әлі де кездеседі. Сондықтан басқарма жарнама агенттіктеріне және кәсіпкерлерге мемлекеттік тіл талаптарын қатаң сақтауды ескертіп отыр.
Бұл шаралар мемлекеттік тілдің беделін арттырып қана қоймай, қала мәдениетін де айшықтай түспек.
Шымкент қаласында мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту үшін атқарылып жатқан жұмыстар қоғамда қазақ тілінің беделін арттыруға бағытталған. Бұл бағытта кәсіпкерлік нысандарындағы жарнамалар мен көрнекі ақпараттарды мемлекеттік тілде ресімдеу міндеті енгізілген. Қала әкімдігі мен тіл басқармасы ұстанған саясаттың нәтижесінде, көптеген бизнес нысандары заң талаптарына сай өзгерістер енгізіп, қазақ тіліндегі ақпараттар қатаң бақыланып отыр. Сонымен қатар, жарнама тақтайшаларын мемлекеттік тілде орналастыру жұмыстары кәсіпкерлерге арнайы түсіндіру жұмыстары арқылы ұдайы жеткізіліп отырады.
Жалпы, бұл шаралар қазақ тілінің мәртебесін көтеріп, оның қоғамдық өмірде кеңінен қолданылуына үлес қосады. Сонымен қатар, қала мәдениеті мен тілдік ахуалының жақсаруы да осының нәтижесінде болады.













Comments