30 қыркүйек, Алматының жүрегінде орналасқан Орталық стадион бұл күні Еуропа футболының ең үлкен меймандарын қарсы алды. «Қайрат» алғаш рет өз алаңында УЕФА Чемпиондар лигасының топтық кезеңінде әлемнің ең мықты клубтарының бірі – «Реал Мадридке» қарсы шықты.
Стадионға жанкүйерлер ағылып келді. Қаланың әр бұрышында қызу әңгіме – Мадрид жұлдыздарын өз көзімен көру, өз командасын қолдау. Бірақ футбол алаңында эмоциядан гөрі тәжірибе сөйлейді екен.
Алғашқы минуттарда «Қайрат» қайсарлық танытып, қорғаныста тығыз ойнады. Дегенмен 25-минутта Килиан Мбаппе пенальтиден есеп ашып берді. Бұл сәт ойынды түбегейлі өзгертті. Мадридтік алыптар ашылды. Мбаппе тағы екі мәрте қақпаны дәл көздеп, хет-трик жасады. Камавинга мен Браим Диас соңғы нүктені қойды. Табло – 0:5.
Есеп ірі. Бірақ сандар кейде ойыншылардың жүрегін көрсетпейді. «Қайрат» футболшылары тырысты, жанкүйерлер соңына дейін қолдады. Бұл – тарихтағы алғашқы сәт: Алматының көгінде Чемпиондар лигасының гимні ойнап, қазақ клубы «Сантьяго Бернабеуден» шыққан алыппен бетпе-бет келді.
Жеңіліс ауыр тиді. Бірақ мұндай сәтсіздіктер – тәжірибенің ең үлкен ұстазы. «Қайрат» бұл түнді ешқашан ұмытпайды. Жанкүйерлер үшін де, ойыншылар үшін де, Қазақстан футболы үшін де бұл – үлкен сабақ.
Футболдың сиқыры да осында: бүгінгі — күйзеліс, ертеңгі — жаңа арман деуге болады…
Қобланды АБЕНОВ
Comments