Жаңалықтар

Арғымақ шағын ауданындағы мәселелер кезең-кезеңімен шешілмек

Тұран ауданына қарасты Арғымақ шағын ауданында тұрғындардың көтерген бірқатар өзекті мәселелері назардан тыс қалмайды. Қазіргі таңда әкімдік тарапынан әлеуметтік нысандар мен инфрақұрылым мәселелерін шешу бағытында тиісті жұмыстар жүргізілуде.
Аудан әкімі Берік Әшірбеков тұрғындармен кездесіп, олардың талап-тілектерін тыңдап, әрбір өтініштің қараусыз қалмайтынын жеткізді. Бүгінгі таңда Арғымақ аумағында мектеп салынбағанымен, іргелес орналасқан Құлагер шағын ауданында 2024 жылы 1200 орынға арналған №147 орта мектеп пайдалануға берілген. Қазіргі уақытта бұл мектепте 616 оқушы білім алуда. Аталған білім ошағы Құлагер және Арғымақ шағын аудандарының балаларына арналып салынған. Ал, Арғымақ шағын ауданында мектеп жасындағы балалар саны 500-ге жетпегендіктен, жаңа мектеп салу жоспарланбаған. Мектепке дейінгі білім беру саласы бойынша Арғымақ шағын ауданында 2022 жылдан бері 50 балаға арналған «Арғымақ» жекеменшік балабақшасы жұмыс істеп келеді. Бұдан бөлек, көршілес Құлагер шағын ауданында 150 балаға арналған «Зерек бала» жекеменшік балабақшасы бар, балаларды арнайы автокөлікпен тасымалдаумен қамтылған. Сондай-ақ, Ақжар шағын ауданында 50 балаға арналған мемлекеттік №54 «Асыл Арман» балабақшасы қызмет көрсетуде. Осылайша, қосымша балабақша салу қажеттілігі жоқ деп есептеледі.
Сонымен қатар, қоғамдық көлік қатынасына қатысты ұсыныстар Шымкент қаласының Жолаушылар көлігі және автомоблиь жолдары басқармасына жолданған. Жаңа жолдың бойында аялдамалар орнатылып, арнайы бағыт енгізу қарастырылуда. Шағын ауданда жалпы 12 көше бар болатын болса, оның 8-і ауыз су жүйесі, электр жүйесі, газ жүйесі, жарықтандыру жүйесімен толық қамтылып, көшелері асфальттанған. Телемұнараға жақын орналасқан кейбір үйлерге қатысты құжат рәсімдеу мәселелері де бақылауда. Аудан әкімі алдағы уақытта инфрақұрылым тарту жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылатынын атап өтті.
Жалпы, Арғымақ шағын ауданы тұрғындарының барлық өтініш-тілектері ескеріліп, жүйелі түрде қаралатын болады. Әкімдік тарапынан халықтың тұрмысын жақсартуға бағытталған нақты шаралар қолға алынып, алдағы уақытта жағдайдың шешілетіні айттылды.

АБАЙ АУДАНЫНДА ИНФРАҚҰРЫЛЫМ ТОЛЫҚ ЖАҢАРЫП КЕЛЕДІ

Алдыңғы

АТА ЗАҢ — ЕЛДІГІМНІҢ КЕПІЛІ

Келесі

Оқи отырыңыз

Comments

Leave a reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *