Жаңа оқу жылының басталуына орай Шымкент қаласы прокуратурасы, Шымкент қалалық Білім басқармасы және Жастар ресурстық орталығы бірлесіп, қала мектептерінде «Прокурорлық сағат» ұйымдастырды. Бұл бастамаға құқық қорғау органдарының ардагерлері, уәкілетті орган өкілдері, мәслихат депутаттары, қоғам белсенділері мен қоғамдық ұйымдар да атсалысты.
Қала бойынша 290 мектептің оқушылары құқықтық тәрбие тақырыбындағы дәрістерге қатысты. №145 Келешек мектебінде іс-шара офлайн форматта өтсе, басқа білім беру ұйымдары Zoom платформасы арқылы тікелей қосылды.
«Прокурорлық сағаттың» негізгі мақсаты – жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу және кәмелетке толмағандардың қылмыстық ортаға тартылуына жол бермеу. Шара барысында оқушылар өз ойларын ортаға салып, замандастарын заңсыз әрекеттерден аулақ болуға шақырды. Сонымен қатар, арнайы бейнероликтер көрсетіліп, құқық бұзушылықтың салдары түсіндірілді.
Іс-шарада TikTok-тағы «IDos» аккаунтының мүмкіндіктері таныстырылып, әлеуметтік желілер арқылы құқық бұзушылық туралы жасырын хабарлаудың тиімді жолдары айтылды.
Шымкент қаласы прокуратурасының Қоғамдық мүдделерді қорғау басқармасының бастығының орынбасары Бекжан Құлатаев бұл жобаның тұрақты түрде өткізілетінін атап өтті.
– Бұл оқу жылындағы алғашқы «Прокурорлық сағат». Мұндай түсіндіру жұмыстары жыл бойы жалғасады. Басты мақсатымыз – жастардың құқықтық санасын көтеріп, олардың болашақта қателікке бой алдырмауына ықпал ету. Арнайы дайындалған бейнематериалдар мен пікірталас арқылы оқушылар ой түйіп, дұрыс таңдау жасаудың маңызын түсінді деп сенеміз, – деді ол.
Осылайша, «Прокурорлық сағат» жас ұрпақтың құқықтық мәдениетін қалыптастыруға, олардың қауіпсіздігі мен жарқын болашағына бағытталған маңызды бастамаға айналды.
Comments