ӘдебиетӘлеуметЖаңалықтарҚоғам

Шымкентте «Кітап оқитын ұлт» жобасы таныстырылды

Мемлекет басшысының Ұлттық Құрылтайда көтерген бастамасы аясында республикалық жоба іске қосылды

Шымкент қаласында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық Құрылтайда көтерген бастамасы аясында «Кітап оқитын ұлт» республикалық жобасының ресми таныстырылымы өтті. Іс-шараға жоғары оқу орындары мен колледждердің оқытушылары, педагогтер, жастар және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Аталған жоба «Кітап оқитын ұлт» қоғамдық қорының бастамасымен жүзеге асырылып отыр. Жобаның мақсаты – елімізде кітап оқу мәдениетін дамыту, ұлттың зияткерлік әлеуетін арттыру және әр жастағы азаматты сапалы әдебиетпен қамту.

Кешенді құрылымға ие жоба алты санатты қамтиды:
• Кітап оқитын мектеп
• Кітап оқитын колледж
• Кітап оқитын университет
• Кітап оқитын педагог
• Кітап оқитын мемлекеттік қызметші
• Кітап оқитын әулет

Әрбір қатысушы өзінің санатына сәйкес арнайы әзірленген кітаптар тізімі бойынша 15 туындыны оқуы тиіс. Бұл тізім ҚР Оқу-ағарту министрлігі, ғылыми институттар мен академиялық қауымдастық өкілдерінен құралған сарапшылар тобының ұсынысы негізінде бекітілген. Кітаптардың мазмұны мен көлемі оқырмандардың жас ерекшелігі мен кәсіби бағыттарына сай таңдалған. Ең қысқа шығарма – 120 бет, ал ең көлемдісі – 700 беттен аспайды. Орташа алғанда, бір кітаптың көлемі 300–400 бетті құрайды.

Жоба бағдарламалар тобының жетекшісі Бекарыстан Аманжоловтың айтуынша, бастаманың басты ерекшелігі – кітап оқуға ынталандыру мақсатында қомақты жүлде қорының бөлінуі.

«Қазақстан қазіргі таңда әлемдік рейтингте кітап оқитын елдер арасында төменгі орындарда тұр. Біз бұл көрсеткішті жақсартып, елімізді алғашқы ондыққа енгізуді мақсат тұтып отырмыз. Сол үшін халықты қызықтыруға бағытталған қаржылай ынталандыру тәсілін қолдандық. Әр санаттың жеңімпазына 1 миллион теңге көлемінде жүлде тағайындалды», – деді ол.

Жалпы жүлде қоры – 40 миллион теңге. Әрбір санат бойынша:
• 1-орын иегеріне – 1 000 000 теңге
• 2-орынға – 600 000 теңге
• 3-орынға – 400 000 теңге көлемінде сыйақы қарастырылған.

Жобаның аясында түрлі форматтағы іс-шаралар өткізіледі:
• мектеп оқушылары үшін – әдеби байқаулар,
• колледж және ЖОО студенттері үшін – дебат турнирлері,
• педагогтер үшін – викториналар мен квиздер,
• мемлекеттік қызметшілер үшін – кәсіби әдебиеттер бойынша талқылау кездесулері.
• «Кітап оқитын әулет» санатында – кемінде бес мүшеден тұратын отбасы мүшелері бірлесе кітап оқып, шығармаларды талқылау арқылы үлгі көрсетеді.

Қатысушылар қыркүйек пен ақпан айлары аралығында кітаптарды оқып, әр шығарма бойынша қысқаша рецензия жазып отырады. Барлық үдеріс «Readination» деп аталатын арнайы онлайн жүйе арқылы бақыланады. Бұл платформа қатысушылардың оқыған кітаптарын тіркеуге, рейтингін бақылауға және байқаудың әділ өтуін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Жоба демеушілердің қолдауымен жүзеге асырылып отыр. Бас демеуші – «Alaygom Electric Company», негізгі серіктестер қатарында AMANAT партиясы және жергілікті атқарушы органдар бар.

Қазіргі таңда бастама пилоттық жоба ретінде Қарағанды, Қостанай облыстары мен Шымкент қаласында қолға алынып жатыр. Алдағы уақытта жоба аясында бүкіл Қазақстанды қамту көзделуде.

Шымкентте ерікті жастарға арналған эко-экскурсия өтті

Алдыңғы

В Шымкенте презентовали проект «Читающая нация»

Келесі

Оқи отырыңыз

Comments

Leave a reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *