Шымкент қалалық перинаталдық орталығында екі күндік шақалаққа туа бітті ішек ақауына байланысты күрделі ота жасалды. Ота 1,5 сағатқа созылып, дәрігерлердің кәсіби шеберлігінің арқасында сәбидің өмірі құтқарылды. Нәресте 41 апталық мерзімде 3450 грамм салмақпен ауыр халде дүниеге келген. Оның жағдайы өте күрделі болғанымен, мамандар шұғыл түрде ота жасап, сәбидің өмірін сақтап қалды.
Күрделі операция міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) шеңберінде неонаталды хирургия саласының ең заманауи әдістерін қолдана отырып, жоғары білікті мамандардың қатысуымен жүргізілді. Бұл операцияның арнайы әдістері мен жаңа технологияларды қолдану арқылы балаға қолдау көрсетілді. Қазіргі таңда сәби арнайы медициналық құрылғылардың көмегімен дәрігерлік бақылауда болып жатыр.
– Нәресте ішек ақауының патологиясымен дүниеге келді. Диагностикалық тексерулердің нәтижесінде дереу операция жасау туралы шешім қабылдадық. Алдағы уақытта сәби тұрақты бақылауда болады. Мұндай күрделі неонаталды операциялар жаңа туған нәрестелердің өмірін сақтауға мүмкіндік береді, – дейді Шымкент қалалық перинаталдық орталығының неонатолог-реаниматологы Ағзат Шолпанқұлова.
Шымкент қалалық перинаталдық орталығында жыл басынан бері ішкі ағзаларында ақауы бар 30-ға жуық сәбиге күрделі операция жасалған. Орталықта жаңа туған нәрестелерге реанимациялық және қарқынды терапиялық көмек көрсету бөлімшесі жұмыс істейді. Операциядан кейінгі күтім, әсіресе асқазан-ішек жолдарына ота жасалған балаларға ерекше көңіл бөлінеді. Бұл бөлімше сәбилердің өмірін сақтап қалу үшін барынша тиімді қызмет көрсетеді.
Мұндай жоғары технологиялық медициналық қызметтердің МӘМС жүйесі аясында қолжетімді болуы – сәби өмірін құтқарып, ата-аналарға үміт сыйлайды. МӘМС жүйесі арқасында осындай күрделі медициналық қызметтер көпшілікке қолжетімді болып, балалардың өмірін сақтап қалуға мүмкіндік туғызып отыр. Мамандардың айтуынша, перзентханаларда неонаталды хирургия бағытын дамыту – нәресте өлімін азайтып, ана мен бала қауіпсіздігін қамтамасыз етудің басты тетіктерінің бірі.
Comments