«AMANAT» партиясының «Құқықтық көмек» жобасы аясында Шымкент қаласындағы «Бадам-2» тұрғын алабында азаматтарды жеке мәселелері бойынша кезекті қоғамдық қабылдау ұйымдастырылды.
Іс-шараға партия филиалы Атқарушы хатшысының орынбасары Ербол Байқонысов, қалалық мәслихат депутаттары, Еңбекші ауданы әкімдігінің, аудандық прокуратураның және Полиция департаментінің өкілдері қатысты.
Қоғамдық қабылдау барысында тұрғындар инфрақұрылымдық және әлеуметтік сипаттағы мәселелерді көтерді. Атап айтқанда, көшелерге асфальт төсеу, көше атауларын өзгерту, қаңғыбас иттерді аулау, сондай-ақ жоғары кернеулі электр желілері өтетін бағаналарды көтеру және қоқыспен толып қалатын арық жүйесін мемлекеттік балансқа өткізу мәселелері қаралды. Сонымен қатар, тұрғындар елді мекенде көшелердің жарықтандырылуы мен балалар ойын алаңшаларының салынғанын оң өзгеріс ретінде атап өтті.
Бұл қабылдау азаматтардың қажеттіліктерін тыңдай отырып, қоғамдағы мәселелерді шешуге атсалысуға үлкен мүмкіндік береді. Сондай-ақ, әрбір тұрғынның өтініші бойынша дер кезінде жауап беру және тиісті шараларды қабылдау халықтың құқықтық сауаттылығын арттыруға, сондай-ақ мемлекеттік органдардың жұмысын жақсартуға ықпал етеді.
Қоғамдық қабылдаулар осылайша азаматтардың мемлекетке деген сенімін нығайтып, жергілікті билік пен тұрғындар арасында диалогтың тиімділігін арттыруда маңызды рөл атқарады. Партияның халықпен тікелей байланысы олардың мәселелерін жылдам шешуге мүмкіндік береді, бұл қоғамдық тұрақтылықты қамтамасыз етудің маңызды құралы болып табылады.
Қабылдау барысында әрбір азаматтың өтініші жеке қаралып, жедел шешілуі мүмкін мәселелер бойынша нақты шаралар қабылданды. Ал уақыт пен қосымша зерделеуді талап ететін мәселелер хаттамаға енгізіліп, тиісті бақылауға алынды.
Тұрғындармен тікелей кездесіп, олардың өтініш-тілектерін тыңдап, тиімді шешім қабылдау – «AMANAT» партиясының басты басымдықтарының бірі. Аталған жоба аясында халықтың өзекті мәселелеріне ерекше назар аударылып келеді.
Айта кету керек, 2025 жылдың басынан бері партия филиалдарының қоғамдық қабылдау бөлмелеріне 6 651 өтініш келіп түсті. Оның 78%-ы оң шешімін тапса, қалғандарына қолданыстағы заңнама аясында түсіндірме жауаптар берілген.
Comments