2025 жылғы ауыл шаруашылығы санағы екі кезеңнен тұрады. Бірінші – онлайн кезең: 1–31 тамыз аралығында sanaq.gov.kz сайтында респонденттер сауалнама парақтарын өз бетінше толтыра алады. Электронды цифрлық қолтаңба, QR-код немесе SMS арқылы жүйеге тіркеліп, көрсеткіштерді жаңартуға мүмкіндік беріледі. Бұл әдіс уақыт үнемдеп қана қоймай, деректер сапасын арттырады. Онлайн сауалнама толтыру барлық ұйымдасқан шаруашылықтар үшін міндетті. Осыған орай Шымкент қаласында 13 өзіне-өзі қызмет көрсету пункті ашылған.
Аталған пункттерде арнайы мамандар қызмет көрсетіп, азаматтарға онлайн тіркелу және сауалнама толтыру барысында кеңес береді. Сонымен қатар, egov.kz порталы арқылы да қажетті ақпарат алуға болады.
Егер сауалнаманы толтыруда сұрақтар туындаса, арнайы әзірленген «sanaq-Myrza» виртуалды көмекшісі немесе 1446 байланыс орталығы арқылы көмек алуға болады. Екінші – офлайн кезең 20 қыркүйек пен 20 қазан аралығында өтеді. Интервьюерлер ауылдық жерлердегі шаруашылықтарды аралап, деректерді тікелей жинайды.
Сауалнамада ауыл шаруашылығы техникасы, инфрақұрылым, жер көлемі, мал басы және еңбек ресурстары жайлы сұрақтар қамтылған. Санаққа қатысудан бас тартқан тұлғалар заңнамаға сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Мәліметтердің құпиялылығы толықтай сақталады, сандар тек жиынтық түрде өңделіп, басқа мемлекеттік органдарға берілмейді.
Санақ нәтижелері ауыл шаруашылығы саласындағы стратегиялық шешімдерді қабылдауға, өңірлік даму бағдарламаларын нақтылауға және мемлекеттік қолдау шараларын тиімді жоспарлауға мүмкіндік береді.
Санақ барысында интервьюерлер ретінде оқытылған 10 азамат жұмыс істейді. Олар арнайы онлайн платформада білім алып, тест тапсырады.
Интервьюерлерге сауалнама жүргізу әдебі, жеке деректерді қорғау ережелері және ақпаратты дұрыс тіркеу бойынша нақты нұсқаулықтар берілген.
Алынған мәліметтердің алғашқы нәтижелері 2025 жылдың желтоқсанында жарияланып, толық есебі 2026 жылы ұсынылады. Бұл санақ елдің аграрлық саласын дамытудағы маңызды деректер базасын қалыптастырады және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде үлкен рөл атқарады.
Осыған орай, жауапты органдар барлық шаруашылық субъектілерін белсенділік танытып, санақ жұмыстарына ашықтықпен қатысуға шақырады.
Барша азаматтардан белсенділік пен саналы көзқарас күтіледі.
Comments