Шымкент қаласында қосымша білім беру саласына енгізіліп жатқан бірыңғай ваучер жүйесіне қатысты қоғамдық талқылау өтті. Ашық форматта ұйымдастырылған бұл іс-шара білім беру саласындағы жаңа тәсілдер мен оларды енгізу барысындағы түйткілдерді талқылауға арналды. Жиынға Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек, қалалық Қоғамдық кеңес мүшелері, кәсіпкерлер, сондай-ақ қосымша білім беру ұйымдарының басшылары мен өкілдері қатысты.
Кездесу барысында пилоттық режимде жүзеге асырылып жатқан жаңа жүйенің артықшылықтары мен қазіргі кездегі өзекті мәселелері кеңінен сөз болды. Қатысушылар тарапынан нақты ұсыныстар, сын-ескертпелер мен жүйеге қатысты сұрақтар қойылып, еркін пікір алмасу алаңы қалыптасты.
Қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек өз сөзінде жаңа ваучерлік жүйенің енгізілуінің негізгі мақсатын түсіндіріп өтті. Оның айтуынша, бұған дейінгі жүйеде қосымша біліммен қамту көрсеткіштері мен нақты қатысушы балалар саны арасында алшақтық болған. Мәселен, кейбір үйірмелерде қағаз жүзінде 5 500 бала тіркеуде тұрғанымен, іс жүзінде сабаққа келетін оқушылар саны 4 000-нан аспаған. Мұндай жағдайлар жалған есептілік пен ресурстардың тиімсіз пайдаланылғанын көрсетеді.
Жаңа ваучерлік жүйе осындай олқылықтардың алдын алуға бағытталған. Қазіргі уақытта қосымша білім беру ұйымдарының қызметі толық цифрландырылып, әрбір баланың нақты қандай үйірмеге барып жүргені, қанша сағат қатысқаны жүйе арқылы автоматты түрде бақылануда. Бұл әдіс ата-аналар мен жауапты органдар үшін де ашықтық пен есептілікті қамтамасыз етеді.
Талқылау кезінде Қоғамдық кеңес мүшелері қосымша білім беру ұйымдарын бір басқармаға шоғырландыру мәселесін де көтерді. Бұған дейін бұл ұйымдар бағыттарына қарай бірнеше басқарма — спорт, мәдениет және білім басқармаларының қарамағында болған. Қазіргі өзгерістерге сәйкес, барлық қосымша білім беру мекемелері Білім басқармасының құзырына берілу үстінде. Кеңес мүшелері бұл құрылымдық өзгерістің құқықтық негізін нақтылап, оның тиімділігіне қатысты жан-жақты талдау жүргізу қажеттігін атап өтті.
Жиын барысында жалған тіркеу деректерінің алдын алу жолдары да қарастырылды. Бұл бағытта жаңа жүйеге енгізілген бақылау және тексеру механизмдерінің рөлі ерекше. Әсіресе, цифрлық мониторинг пен автоматтандырылған тіркеу жүйесі арқылы манипуляцияларға жол берілмейді.
Кездесуді қорытындылаған қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек жүйенің тиімді тұстарын тағы бір мәрте атап өтіп, жиналған қауымның көтерген ұсыныстары мен пікірлері ескерілетінін мәлімдеді. Ол жаңа тәсілдің басты мақсаты – қосымша білім беру саласындағы әділеттілік, ашықтық және сапаны арттыру екенін атап өтті. Сонымен қатар, мұндай қоғамдық талқылаулар алдағы уақытта да жалғасын тауып, барлық мүдделі тараптармен тығыз байланыс орнату көзделіп отырғанын жеткізді.
Comments