«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында Шымкент қаласының Тұран ауданында орналасқан Қазығұрт шағын ауданында кең көлемді санитарлық-тазалық жұмыстары жүргізілді. Сенбілік Арыстанбек көшесінен бастау алып, шағын ауданның бірнеше көшелерін қамтыды.
Іс-шараның басты мақсаты — көшелер мен қоғамдық кеңістіктерде бейберекет түрде жиналған құм, тас, инертті құрылыс материалдары және тұрмыстық қалдықтарды жинап, тазарту болып табылады. Сонымен қатар, тұрғындар арасында санитарлық талаптарды сақтау және қоршаған ортаны қорғау бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Сенбілікке Тұран ауданы әкімдігінің қызметкерлері, жергілікті полиция қызметі, коммуналдық қызмет көрсетуші мекемелер және белсенді тұрғындар жұмылдырылды. Аймақтағы тұрғындар тарапынан көшелерге құрылыс материалдарын үйіп тастау фактілері тіркелгендіктен, полиция және әкімдік қызметкерлері бірлесіп түсіндірме жұмыстарын жүргізді, тұрғындарға қалдықтарды өз күштерімен жою қажеттілігі туралы ескертулер берілді. Сонымен бірге, арнайы техника тартылып, қалдықтарды жинап, тазарту жұмыстары ұйымдастырылды.
Коммуналдық мекемелер тарапынан жалпы 8 бірлік арнайы техника жұмылдырылып, шамамен 100 тонна көлеміндегі қоқыс шығарылды. Бұл шаралардың нәтижесінде қала аумағы айтарлықтай тазарып, санитарлық жағдайы жақсарды. Сондай-ақ, тұрғындарға рұқсат етілмеген орындарға қоқыс тастамау және көшелердің тазалығын сақтау туралы ақпараттық-түсіндіру шаралары өткізілді. Жергілікті полиция қызметі санитарлық тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында алдын алу жұмыстарын жүргізіп, тұрғындарға ескертулер жасады.
Мұндай экологиялық сенбіліктер қала аумағындағы санитарлық-экологиялық жағдайды жақсартуға, тұрғындардың экологиялық мәдениетін қалыптастыру мен арттыруға бағытталған маңызды іс-шара болып табылады. Қазіргі сенбілік алдағы уақытта да тұрақты түрде өткізіліп, Шымкент қаласының таза әрі көрікті қалалардың бірі ретінде дамуына өз үлесін қосатын болады.
Comments