Жаңалықтар

ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНДА КӨПҚАБАТТЫ ТҰРҒЫН ҮЙЛЕРГЕ КЕШЕНДІ КҮРДЕЛІ ЖӨНДЕУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛУДЕ

Шымкент қаласында 2023–2029 жылдарға арналған «Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамыту тұжырымдамасы» аясында көпқабатты тұрғын үйлердің жалпы мүлкіне кешенді күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Биылғы жылы қала бойынша 26 көпқабатты тұрғын үйде мұқият жоспарланған жөндеу жұмыстары қолға алынған. Бұл бағдарлама тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыруға, үйлердің сенімділігі мен ұзақ мерзімділігін қамтамасыз етуге бағытталған маңызды жоба болып табылады.

Осы аясда Тұран ауданының 4-шағынауданына орналасқан №21 көпқабатты үй мен Володар көшесіндегі №9 үйде күрделі жөндеу жұмыстары сәтті аяқталды. Бұл үйлердің қасбеттері толықтай жаңартылып, шатырлары ауыстырылды. Сонымен бірге кіреберістер мен бастырмалар орнатылып, тұрғындардың қауіпсіздігі мен жайлылығын арттыруға бағытталған кешенді жұмыстар жүзеге асырылды.

Сонымен қатар, Байтұрсынов көшесі №94 мекенжайындағы тұрғын үйде де шатырды ауыстыру, кіреберісті ретке келтіру және бастырма орнату сынды күрделі жөндеу жұмыстары сәтті аяқталды. Қазіргі таңда бұл нысанда қасбетті жаңарту жұмыстары белсенді түрде жүргізілуде, және олар 2025 жылдың қыркүйек айына дейін толық аяқталуы жоспарланып отыр.

Жыл басынан бері Шымкент қаласында барлығы 6 көпқабатты тұрғын үйде күрделі жөндеу жұмыстары аяқталып, олар толық пайдалануға берілді. Қазіргі уақытта осы нысандарды ресми түрде қабылдау үшін тиісті құжаттар әзірленуде. Ал қалған 20 тұрғын үйде күрделі жөндеу жұмыстары қарқынды түрде жалғасуда.

Айта кетерлігі, қала тұрғындары күрделі жөндеу жұмыстарын қаржыландыру үшін «қайтарымды қаражат» негізінде «Тұрғын үй Шымкент» ЖШС-не жазбаша өтінім бере алады. Бұл механизм тұрғындарға өз үйлерінің жөндеу жұмыстарын жоспарлы түрде өткізуге мүмкіндік береді. Өтінімдерді беру және кеңес алу үшін келесі мекенжайға хабарласуға болады: Шымкент қаласы, Республика даңғылы, №12А, 3-қабат.

Шымкент қаласының әкімдігі тұрғындардан күрделі жөндеу жұмыстарымен байланысты уақытша қолайсыздықтарға түсіністікпен қарап, тұрғын үй инфрақұрылымын жақсарту бағытындағы шаралардың маңыздылығын ескеруін сұрайды. Қаладағы көпқабатты үйлердің сенімділігі мен жайлылығын арттыруға бағытталған аталған жұмыстар тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға айтарлықтай үлес қосады деп сенеміз.

МӘЖІЛІС ДЕПУТАТЫ ШЫМКЕНТТЕГІ ӘЛЕУМЕТТІК МӘСЕЛЕЛЕРДІ ЗЕРДЕЛЕУДЕ

Алдыңғы

ШЫМКЕНТ ӘКІМІ ҚАЛАДАҒЫ ҚҰРЫЛЫС ЖӘНЕ ЛОГИСТИКА НЫСАНДАРЫН АРАЛАДЫ

Келесі

Оқи отырыңыз

Comments

Leave a reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *