Бүгін Әл-Фараби ауданының әкімі Маратбек Мықтыбеков аудан аумағын аралап, бірқатар көшелер мен даңғылдардың санитарлық және техникалық жағдайымен танысты. Атап айтқанда, Анаров, Жастық, Володарский, Жансүгіров, Терешкова, Быковский, Рашидов, Жангелдин көшелері, Қонаев, Республика, Тәуке хан даңғылдары мен Әл-Фараби алаңы араланды.
Аралау барысында аудан басшысы санитарлық тазалық жұмыстарына қатаң бақылау орнату қажеттігін атап өтіп, жауапты сала мамандарына нақты тапсырмалар жүктеді. Әсіресе, тұрғындар тарапынан келіп түскен өтініш-тілектердің уақытылы орындалуын қамтамасыз ету, кері байланыс жүйесін жандандыру маңызды екені айтылды. Сонымен қатар, көше бойындағы жарық шамдарының үздіксіз жұмыс істеуін бақылау, істен шыққан немесе бүлінген аяқжолдарды ретке келтіру мәселесі де назардан тыс қалмады.
Аудан әкімінің аралауына орай аудан аумағындағы жалпы абаттандыру және қоғамдық тәртіп бағытындағы басқа да шаралар қатар жүргізілуде. Бүгінгі күні Әл-Фараби ауданында көгалдандыру мен көріктендіру жұмыстары да белсенді түрде іске асуда. Қазіргі уақытта гүлдерге су құю, шөптерді шабу, ағаштарға санитарлық мақсаттағы кесу жұмыстары қарқын алған. Бұл шаралар тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру, экологиялық ахуалды жақсарту және ауданның ландшафтық келбетін арттыруға бағытталған.
Сонымен қатар, Әл-Фараби ауданы Төтенше жағдайлар басқармасының қызметкерлері аудан аумағында орналасқан ірі демалыс аймақтарының бірі — Тәуелсіздік және Шәмші Қалдаяқов саябақтарында түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Іс-шара барысында келушілерге өрт қауіпсіздік ережелері ескертіліп, арнайы дайындалған жадынама парақшалары таратылды. Әсіресе, су бұрқақтардың маңайында жоғары кернеулі ток жүйесімен жұмыс істейтін құрылғылар бар екені тұрғындарға ескертіліп, сақтық шараларын ұстану маңызды екені айтылды.
Бұдан бөлек, Әл-Фараби ауданы әкімдігі мен аудандық полиция басқармасы бірлесіп, рұқсатсыз жерлерге қоқыс төгуге қатысты бақылау жұмыстарын күшейтуде. Тексеру барысында анықталған заңбұзушылықтар бойынша тұрғындарға түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, кей жағдайларда әкімшілік жауапкершілік қарастырылуда. Бұл бағыттағы жұмыстар қоғамдық тәртіпті нығайтуға және экологиялық мәдениетті арттыруға бағытталған.
Аудан басшылығы алдағы уақытта да тұрғындармен ашық диалог жүргізу, инфрақұрылымды жақсарту және санитарлық тазалықты қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарды тұрақты түрде жалғастыратын болады. Әл-Фараби ауданын көркейту мен тұрғындар үшін қауіпсіз әрі қолайлы орта қалыптастыру – басты міндеттердің бірі болып қала бермек.
Comments