Қазіргі таңда Түркістан облысында қолайлы инвестициялық ахуал қалыптасқан. Өңірдің негізгі инвестициялық алаңдарына «TURAN» арнайы экономикалық аймағы, «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығы, 19 индустриалды аймақ пен шағын өнеркәсіптік парктер жатады.
Астана қаласында өткен «Орталық Азия – Қытай» индустриялық және инвестициялық ынтымақтастықтың ІІ форумы аясында Түркістан облысы мен қытайлық компаниялар арасында жалпы 5 ірі жобаны жүзеге асыру бойынша меморандум жасалды. Сонымен қатар Түркістан облысы мен Қытайдың Шэньси және Хубэй провинциялары арасында бауырластық келісімі орнады.
Халықаралық форумның алғашқы күні 3 жобаны іске асыру бойынша меморандум жасалса, екінші күні Түркістан облысы әкімдігі 108 млн АҚШ долларын құрайтын 2 ірі инвестициялық жоба бойынша ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Нақтырақ айтқанда, Түркістан облысының аумағында «Биотехнологиялық мал қалдықтарын қайта өңдеу» жобасын іске асыру жоспарлануда. Жоба құны – 18 млн АҚШ доллары. Нәтижесінде, 60 жаңа жұмыс орны ашылады. Жобаны іске асыруға қытайлық «Tangshan Huating Ceramics Co., Ltd.» компаниясымен келісім жасалды. Сонымен қатар Түркістан облысының аумағында «Қазақстан Республикасы Түркістан облысы Циндао индустриалды паркі» жобасын іске асыру жоспарлануда. Жобаға 90 млн АҚШ доллары көлемінде инвестиция құйылады. Жоба аясында 500 адам жұмыспен қамтылмақ. Жобаны іске асыруға қытайлық «China Qingdao Wanlin Group» компаниясы қызығушылық танытты.
Одан бөлек, Түркістан облысы мен Қытайдың Шэньси және Хубэй провинциялары арасында бауырластық туралы келісімге қол қойылды.
Осы күні «Шэньси провинциясымен танысу» тақырыбындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық конференциясында Түркістан облысы әкімінің орынбасары Талғат Қозбеков жасалған келісімдер бірлескен жобаларды жүзеге асыруға жаңа мүмкіндіктер ашатынын жеткізіп, инвестициялық әріптестік пен өңіраралық экономикалық ынтымақтастықты жандандыруға жаңа серпін беретінін айтты. Инвесторларға құнды ақпараттар беріп, тәжірибе алмасуға шақырды.
Форум В2В форматындағы кездесулерге жалғасты. Онда келіссөздер жүргізіліп, өңіраралық ынтымақтастықты нығайту мәселелері талқыланды.
Comments