Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасы негізінде Су ресурстары және ирригация министрлігі еліміздегі су ресурстарын тиімді және заңға сәйкес пайдалану мәселесін жіті бақылауға алды. Бұл бағытта, су қолданудағы заңбұзушылықтарды анықтап, заңсыз әрекеттерге жол бермеу мақсатында арнайы мониторинг пен тексеру жұмыстары қарқынды жүргізілуде.
Жақында Арал-Сырдария бассейндік инспекциясының мамандары Түркістан облысы, Шардара ауданының Жаушықұм суару алқабында жүргізілген тексеру барысында тіркелмеген 24 сорғы қондырғысын анықтады. Бұл – су ресурстарын заңсыз пайдалану фактісі болып табылады және оның мемлекет пен жергілікті тұрғындарға келтірер зияны зор. Заңсыз орнатылған сорғы қондырғылары су көздерін артық пайдаланып, суару жүйесінің тиімді жұмысын бұзады, әрі табиғи су балансы мен экологияға кері әсерін тигізеді.
Тексеру нәтижелері бойынша анықталған заңбұзушылықтар туралы толық ақпарат жергілікті атқарушы органдарға жеткізілді. Сондай-ақ, жергілікті әкімдікке заңсыз сорғы қондырғыларын алып тастау және заң талаптарына сәйкес жұмыс істеу мәселесінде нақты ұсыныстар берілді. Бұл шаралар судың “көлеңкелі” нарығын қысқарту, су көздерін заңды пайдалану мен тиімділігін арттыруға бағытталған.
2025 жылдың бірінші тоқсанында Су ресурстары және ирригация министрлігінің бассейндік инспекциялары 20 тексеру жүргізіп, жалпы 26 заңбұзушылық анықтады. Оның нәтижесінде 10 ұйғарым шығарылып, 13,3 миллион теңге сомасында 133 әкімшілік айыппұл салынды. Бұл көрсеткіштер – су саласындағы бақылаудың күшейтіліп, заңбұзушылықтардың азайтылып келе жатқандығын дәлелдейді.
Ал 2024 жылы еліміз бойынша бассейндік инспекциялар 439 тексеру жүргізді. Тексеру барысында 1 855 заң бұзушылық анықталып, 429 ұйғарым шығарылды. Бұл заңбұзушылықтар үшін жалпы сомасы 48,4 миллион теңгеге 582 әкімшілік айыппұл салынды. Бұл деректер суды заңсыз пайдалану мәселесінің әлі де өзекті екендігін көрсетсе де, мемлекеттік органдардың бұл бағыттағы жұмыстарын жүйелі түрде жалғастыруда екенін аңғартады.
2024 жылдың 10 маусымынан бастап күшіне енген жаңа Су кодексі су ресурстарын басқаруда жаңа кезеңнің басталғанын білдіреді. Бұл кодекс аясында бассейндік инспекцияларға қадағалау және жедел әрекет ету шараларын қабылдау құқығы берілді. Сонымен қатар, су заңнамасын бұзғандарға қатысты жауапкершілік арттырылып, Әкімшілік кодексіне өзгерістер енгізілді. Енді су ресурстарын заңсыз пайдалану және “көлеңкелі” нарыққа қарсы күрес күшейтілмек.
Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовтың айтуынша, бұл шаралар елдің су қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, су қорларын қорғауға және олардың тұрақты әрі тиімді пайдалануына бағытталған. Су ресурстары – еліміздің экономикалық және экологиялық қауіпсіздігінің негізі. Сондықтан да, суды заңсыз пайдалану мен оны “көлеңкелі” нарыққа шығару мемлекет үшін аса маңызды сын-қатер болып табылады.
Түркістан облысы сияқты су тапшылығы мен суару қажеттілігі жоғары аймақтарда суды тиімді пайдалану, оның заңдылығын қамтамасыз ету шаралары ерекше маңызды. Жергілікті деңгейдегі жауапкершілікті арттыру, тұрғындар мен шаруашылық субъектілерінің суды дұрыс пайдалануы – осы саладағы басты міндеттер. Жаңа заңнамалық өзгерістер мен мониторингтік тексерулердің нәтижесінде су ресурстарының тиімді басқарылуы қамтамасыз етіліп, заңсыздықтар азаймақ.
Осылайша, Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында жүзеге асырылып жатқан су ресурстарын қорғау және заңсыздықпен күрес шаралары еліміздің су саясатының тұрақтылығын нығайтып, табиғи байлықтардың тиімді әрі заңды пайдаланылуына негіз болмақ.
ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА СУ СОРАТЫН 24 ЗАҢСЫЗ СОРҒЫ ҚОНДЫРҒЫСЫ АНЫҚТАЛДЫ

Comments