Жаңалықтар

ТҮРКІСТАНДАҒЫ ТЕМІРЖОЛ ВОКЗАЛЫ МАҢЫНДА ЖОЛАУШЫЛАР КӨПІРЛЕРІ САЛЫНУДА

Түркістан облысында халыққа қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру, инфрақұрылымды жетілдіру бағытында нақты жұмыстар жүргізілуде. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров Түркістан қаласындағы құрылыс нысандарын кезекті рет аралап, олардың орындалу барысымен танысты. Өңір басшысы жауапты сала басшыларынан есеп алып, тиісті тапсырмалар жүктеді.
Қабанбай батыр ескерткіші аумағы абаттандырылып жатыр:
Әкімнің жұмыс сапары барысында Қабанбай батыр ескерткішінің айналасын абаттандыру жобасы таныстырылды. Жоспарға сәйкес, бұл аумақта шахмат ойнайтын арнайы алаң, аяқжол, орындықтар, қоқыс жәшіктері және қоршаулар орнату көзделген. Сонымен қатар, жасыл желек егу, ағаштар отырғызу, гүлзарлар жасау жұмыстары да күшейтіледі.
Түркістан – тек әкімшілік орталық қана емес, сонымен қатар бүкіл елден туристер келетін тарихи әрі мәдени қала. Сондықтан қаланың әр бұрышы көрікті, таза, ыңғайлы болуы тиіс. Жасалған жұмыстар – тек көркейту үшін ғана емес, тұрғындарға күнделікті тынығуға қолайлы жағдай жасау үшін қажет, – деді облыс әкімі Нұралхан Көшеров.
Облыс басшысы қаладағы абаттандыру жұмыстарының сапасына ерекше назар аударып, жобалаушылар мен мердігерлерге тұрғындардың сұранысына сай, ұзақ мерзімді шешімдер қабылдауды тапсырды.
Жолаушыларға арналған жаңа көпірлер салынып жатыр:
Облыс әкімінің жұмыс сапарындағы келесі нысан – Түркістан қаласындағы теміржол бойына салынып жатқан жолаушылар көпірлері болды. Бұл – жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігі мен қолайлы жүріп-тұруына арналған маңызды инфрақұрылым нысаны.
Қазіргі таңда қаладағы теміржол бойында екі бірдей жаяу жүргінші көпірінің құрылысы жүріп жатыр. Бірінші көпірдің ұзындығы – 117 метр, екіншісі – 46 метр. Бұл көпірлер халықтың қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз етіп, қала инфрақұрылымын заманауи талаптарға сәйкестендіреді.
Нұралхан Көшеров нысанда болып, мердігер мен техникалық қадағалаушы тараптарға бірқатар сын-ескертпе жасады. Құрылыстың баяу жүруі мен сапасына қатысты мәселелер көтерілді.
Қаланың дамуы қарқынды. Соған сәйкес, барлық құрылыс нысандары сапалы әрі уақытылы аяқталуы тиіс. Әсіресе, адамдар күнделікті пайдаланатын көпірлер – стратегиялық маңызы бар нысандар. Бұл жобалар тек есеп үшін емес, тұрғындар үшін қызмет етуі керек. Сондықтан сапаға баса мән беріп, әр кезеңі бақылауда болсын, – деді өңір басшысы.
Облыс әкімдігі тарапынан бұл жобаларға қаржы толық бөлінген, құрылыс жұмыстары биылғы жылы аяқталып, пайдалануға берілмек.
Түркістан – инфрақұрылымы дамыған, жайлы қала:
Жалпы, 2024 жылы Түркістан қаласында 138,5 шақырымды құрайтын 159 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуі жоспарланған. Қаладағы көше жолдарының сапасын арттыру, қоғамдық кеңістіктерді көркейту, көгалдандыру және демалыс орындарын көбейту – облыс әкімдігінің күн тәртібіндегі негізгі бағыттардың бірі.
Сонымен бірге, қала тұрғындары мен қонақтарының жайлы қозғалысын қамтамасыз ету үшін қоғамдық көлік жүйесін жаңғырту, жол қиылыстарын реттеу, жаңа аялдамалар орнату және қауіпсіздік шараларын күшейту де қолға алынған.
Түркістан облысында инфрақұрылымды дамыту бағытында ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр. Тек қаланың келбетін жақсарту ғана емес, халықтың өмір сүру сапасын арттыру, қауіпсіз әрі ыңғайлы орта қалыптастыру – басты мақсат. Бұл бағыттағы жұмыстар облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің тікелей бақылауында.
Жаңа жаяу жүргінші көпірлері, қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру, тарихи нысандар маңын көріктендіру – өңірді заманауи, қауіпсіз, әрі тартымды қалаға айналдыру жолындағы нақты қадамдар.

ТҮРКІСТАН: «ҚАЗЫҒҰРТ» ИНДУСТРИАЛДЫ АЙМАҒЫНДА 8 ЖОБА ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛУДА

Алдыңғы

ТҮРКІСТАН: МАҚТААРАЛДА ҚОҒАМДЫҚ КӨЛІКТЕР ЖАҢАРТЫЛЫП ЖАТЫР

Келесі

Оқи отырыңыз

Comments

Leave a reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *