Мемлекетіміз Тәуелсіздік алғаннан бергі кезеңде алғаш рет Түркістан облысындағы бірнеше тозығы жеткен теміржол вокзалдарына кешенді түрде реконструкциялау жұмыстары жүргізілмек. Бұл бастама – облыс көлік инфрақұрылымын жаңғыртудағы тарихи әрі маңызды қадам. Қазіргі таңда «Түркістан», «Манкент», «Түлкібас», «Сарыағаш», «Темір» және «Арыс-2» теміржол вокзалдарын жаңарту жұмыстары жоспарланып отыр.
Осыған орай Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен арнайы кеңес өтіп, жобалардың эскиздік нұсқалары мен жүзеге асырылу кезеңдері талқыланды. Жиын барысында облыс әкімі вокзалдарды жаңғырту кезінде тарихи келбетін сақтау қажеттігін баса айтып, жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктеді.
– Бұл вокзалдар – тек көлік нысандары емес, өткен ғасырдың тынысын сездіретін тарихи ескерткіштер. Сондықтан олардың архитектуралық бірегейлігін сақтау маңызды. Барлық нысандар заманауи талаптарға сай, алайда бір стильде салынуы қажет. Құрылысқа сапалы әрі ұзаққа шыдайтын материалдар қолданылсын. Ал аудан, қала әкімдері құжаттаманы жедел реттеп, 10 күн ішінде рәсімдеуді аяқтасын, – деді Нұралхан Көшеров.
Жиында облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Қуатжан Жұматаев баяндама жасап, Түркістан облысынан бөлек, республика бойынша 125 теміржол вокзалына реконструкциялау жүргізілетіні туралы мәлімет берді. Бұл тізімде облыс көлемінен 6 вокзал енгізілген. Оның ішінде «Түлкібас», «Арыс-2», «Манкент» және «Сарыағаш» вокзалдарының қызметі уақытша ғимараттарға ауыстырылып, демонтаж жұмыстарын бастау үшін тиісті аумақтар қоршалды.
Мердігер мекемелер де анықталған. «Түлкібас», «Арыс-2» және «Манкент» вокзалдарында «Kanfar Building» ЖШС, ал «Сарыағаш» пен «Темір» вокзалдарында «BOLD Construction Group» ЖШС құрылыс жұмыстарын жүргізетін болады. Ал тарихи маңызы зор «Түркістан» теміржол вокзалына қатысты барлық реставрациялық және ғылыми-қадағалау жұмыстарын «Казреставрация» РМК жүзеге асырады.
Жиын барысында «Конструктор-80» ЖШС директорының орынбасары Қуаныш Асанов вокзалдарға қатысты эскиз жобаларын ұсынып, ғимараттардың тірек құрылымдарына жүргізілген инженерлік зерттеулердің нәтижелерімен таныстырды. Қазіргі таңда 5 вокзал нысаны бойынша жобалық-сметалық құжаттар әзірленіп жатыр.
Теміржол вокзалдарының жаңғыртылуы – жолаушыларға жайлы әрі заманауи қызмет көрсету үшін жағдай жасаумен қатар, аймақтағы туризмнің дамуына да оң ықпал етпек. Әсіресе Түркістан қаласының тарихи-мәдени мәртебесін ескерсек, мұндай нысандардың жаңаруы шетелдік және отандық туристер үшін де ыңғайлы әрі тартымды орталыққа айналуға мүмкіндік береді.
Бұл жұмыстар аяқталғаннан кейін Түркістан облысы тұрғындары мен қонақтары халықаралық стандарттарға сай жаңа үлгідегі вокзал қызметін пайдалануға мүмкіндік алады. Сонымен қатар бұл бастама көлік логистикасын жетілдіріп, аймақтың транзиттік әлеуетін арттырады.
Жалпы, мұндай кешенді жаңғырту тек инфрақұрылымдық емес, әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан да өңірдің өркендеуіне серпін береді. Облыс әкімдігінің айтуынша, жоба сапасы мен мерзіміне қатысты барлық құрылымдарға нақты бақылау жүргізіледі. Бұл ретте әкімдік те, тиісті басқармалар да тұрғындармен ашық әрі белсенді жұмыс жүргізетін болады.
ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА 6 ТЕМІРЖОЛ ВОКЗАЛЫ РЕКОНСТРУКЦИЯЛАУДАН ӨТЕДІ

Comments