Түркістан қаласында тұрғын үй құрылысы қарқын алып, азаматтарды баспанамен қамту бағытындағы жұмыс жүйелі түрде жүзеге асуда. Қалалық әкімдіктің мәліметінше, биылдың өзінде 944 пәтерді құрайтын 11 тұрғын үйдің құрылысын аяқтап, пайдалануға беру жоспарланған. Жыл басынан бері осы жобалардың аясында 4 тұрғын үй толық аяқталып, жалпы 348 пәтер өз иесін тауып үлгерді.
Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Талғат Төлегеновтің айтуынша, тұрғын үйге мұқтаж азаматтардың саны жылдан жылға артып келеді. Бүгінгі таңда қала бойынша тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтар саны 17 058 адамға жетіп отыр. Оның ішінде:
— 6 487 азамат – әлеуметтік әлсіз топ мүшелері;
— 5 185 отбасы – көпбалалы отбасылар;
— 181 адам – ата-анасынан айырылған тұл жетімдер санатында;
— 5 203 азамат – бюджет қаражаты есебінен берілетін баспанаға үміткер;
— 2 отбасы – апатты жағдайдағы үйде тұруына байланысты жаңа үй алу кезегіне қойылған.
Бұл көрсеткіштер өңірдегі тұрғын үй саясатына тың серпін беру қажеттігін айқындай түседі.
Сонымен қатар, 2025 жылы Түркістан қаласында «Отбасы банк» арқылы кредиттік негізде қосымша 2 082 пәтер тұрғындардың игілігіне беріледі деп жоспарлануда. Бұл туралы Түркістан облыстық «Отбасы банк» АҚ филиалы директорының орынбасары Дәурен Мырзатаев мәлімдеді. Оның айтуынша, пәтерлерге өтініштер «Отбасы банк» салымшыларының арасынан, тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтардан қабылданады.
Қазіргі таңда банк арқылы ұсынылатын 1 016 пәтердің шаршы метрі 180 мың теңгеден, ал 1 066 пәтердің шаршы метрі 220 мың теңгеден белгіленген. Бұл нарықтық бағамен салыстырғанда әлдеқайда қолжетімді көрсеткіш, әсіресе жас отбасылар мен табысы төмен азаматтар үшін.
Талғат Төлегенов жаңа заңнамаға енгізілген өзгерістерге де тоқталып өтті. Оның айтуынша, 2025 жылдың 24 мамырынан бастап Қазақстанда тұрғын үй кезегіне тұрудың жаңа тәртібі күшіне енеді. Бұған дейін тек белгілі санаттарға (мәселен, мүгедектер, жетімдер, көпбалалы аналар, мемлекеттік қызметшілер) арналған кезек енді барлық азаматтарға қолжетімді болмақ. Яғни, соңғы 5 жылда меншігінде тұрғын үйі болмаған кез келген азамат енді үй кезегіне тұру мүмкіндігіне ие болады.
Сонымен қатар, мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілетін үйлерді жекешелендіру тәртібіне де бірқатар өзгерістер енгізілді. Бұған сәйкес, бірқатар санаттағы азаматтар қазіргі таңда тұрып жатқан мемлекеттік пәтерлерін өтеусіз түрде өз меншігіне рәсімдеу құқығына ие болады. Бұл өз кезегінде тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған маңызды қадамдардың бірі болып табылады.
Жалпы, Түркістан қаласының әкімдігі мен «Отбасы банк» бірлесіп, тұрғын үй құрылысы мен баспанаға қолжетімділік мәселесін жүйелі түрде шешуді көздеп отыр. Келесі жылға жоспарланған жобалар толық жүзеге асса, 2024–2025 жылдары қалада шамамен 3 мыңға жуық отбасы баспаналы болады. Бұл өз кезегінде халықтың әлеуметтік тұрақтылығын қамтамасыз етіп, Түркістанды жайлы әрі қолайлы қалаға айналдыруға мүмкіндік береді.
ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫНДА БИЫЛ 3000-НАН АСА ПӘТЕРДІ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРУ ЖОСПАРЛАНҒАН

Comments