Түркістан облысына Қытай Халық Республикасынан келген ресми делегацияны облыс әкімі Нұралхан Көшеров арнайы қарсы алды. Сапар аясында шетелдік меймандар өңірдің өндірістік-индустриялық әлеуетімен танысып, іскерлік келіссөздер өткізді. Делегация құрамында инвестициялық және сауда-экономикалық салада жұмыс істейтін кәсіпкерлер мен мемлекеттік құрылым өкілдері болды.
Қонақтар ең алдымен Түркістан облысындағы өндірістік және индустриялық аймақтарды аралап, өңірдің экономикалық даму бағытымен танысты. Делегацияға «TURAN» арнайы экономикалық аймағы, Сауран ауданындағы индустриялық алаңдар, сонымен қатар Ораңғай ауылында орналасқан арнайы экономикалық аймақтар көрсетілді. Бұл нысандар шетелдік кәсіпкерлерге өңірдің инвестициялық мүмкіндіктерін кеңінен түсіндіруге мүмкіндік берді.
Сапар барысында облыс әкімінің төрағалығымен іскерлік кездесу өтті. Жиын барысында тараптар логистикалық инфрақұрылымды дамыту, Қазақстанның энергетика және тау-кен өндіру секторларын бірлесіп зерттеу, сондай-ақ Түркістан өңірінде сауда өкілдіктері мен қоймалар құру мәселелерін талқылады. Қытайлық кәсіпкерлер өздерінің жобаларын ұсынып, өңірде жүзеге асыруға ниетті бастамаларымен бөлісті.
Кездесу кезінде облыс әкімі Нұралхан Көшеров Түркістан облысының инвестициялық және туристік әлеуеті туралы кеңінен баяндап, Қытай тарапымен ынтымақтастықты нығайтуға дайын екенін нақты айтты.
– Түркістан облысы мен Қытай Халық Республикасы арасындағы экономикалық және мәдени байланыстар берік негізде қалыптасып келеді. Өткен жылдың соңында Хубэй провинциясына жасаған сапарым кезінде өзіңізбен кездесіп, бірқатар жобалар туралы келіссөздер жүргіздік. Бүгінгі сапарыңыз – сол кездесудің және Ухань қаласында басталған сындарлы диалогтың жалғасы. Біздің өңір – Қазақстан мен Орталық Азиядағы логистикалық хабқа айналу әлеуеті жоғары аймақ. Түркістан облысы арқылы өтетін «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» халықаралық транзиттік дәлізі бұл мүмкіндікті одан әрі кеңейтеді, – деді өңір басшысы.
Сонымен қатар, облыс әкімі өңірде авиациялық жүк тасымалын дамытуға, әуежай аумағында техникалық қызмет көрсету орталықтарын орналастыруға, тұрақты халықаралық жүк бағыттарын ашуға және заманауи логистикалық парктер құруға мүдделі екенін жеткізді. Бұл парктер жүк сақтау, сұрыптау, тарату және қайта өңдеуді қамтитын кешенді инфрақұрылыммен қамтамасыз етілмек.
Нұралхан Көшеров сондай-ақ екі ел арасындағы бірлескен индустриалды аймақтар құрудың өзектілігін атап өтті. Бұл бастама екіжақты инвестициялық жобаларды тиімді жүзеге асыруға, өндірісті жергілікті жерде дамытуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Әкімдік тарапынан барлық мемлекеттік қолдау тетіктері қарастырылатынын да мәлім етті.
Сапар аясында қытайлық делегация Түркістан қаласындағы құрылысы жүріп жатқан мақта зауытына барып, жобамен танысты. Бұл зауыт – тоқыма және ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу бағытындағы ірі жобалардың бірі саналады. Бұдан кейін делегация Сауран ауданындағы арнайы экономикалық аймақта болды. Мұнда шетелдік қонақтарға жергілікті басқару жүйесінің тиімділігі, салықтық және кедендік жеңілдіктер, инженерлік инфрақұрылымның қолжетімділігі туралы жан-жақты ақпарат берілді.
Сапардың соңында делегация Түркістан қаласының тарихи-мәдени орындарын аралап, өңірдің туризм саласындағы әлеуетімен танысты. Екі күнге созылған іссапар өзара түсіністік пен ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған маңызды қадам болды.
НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ ШЕТЕЛ ИНВЕСТОРЛАРЫМЕН ЛОГИСТИКАЛЫҚ САЛАНЫ ЖАНДАНДЫРУ БОЙЫНША КЕЛІССӨЗДЕР ЖҮРГІЗДІ

Comments