Бүгін Сауран ауданына Түркі әлемі муниципалитеттер одағының делегациясы арнайы іссапармен келді. Халықаралық ынтымақтастықты нығайту, бауырлас елдер арасындағы мәдени-экономикалық байланысты дамыту және тәжірибе алмасу мақсатындағы бұл сапар – аудан тарихында айтулы оқиға.
Сапарға Түркі әлемі муниципалитеттер одағының басшылық және өкілетті мүшелері келді. Делегация құрамында Хасан Кылча (әкім), Фахри Солак (Түркі әлемі муниципалитеттер одағының бас хатшысы), Мевлют Канат пен Омер Бюйүкгекер (қалалық мәслихат депутаттары), Мустафа Яйлажы (әкімнің орынбасары), Жихат Канйылмаз (әкім кеңсесінің атқарушы көмекшісі) және Майрам Байгонушева (ТВВ-ның сыртқы байланыстар жөніндегі маманы) болды.
Ресми кездесу Сауран ауданы әкімдігінің мәжіліс залында өтті. Онда қос тарап екі ел арасындағы достық қарым-қатынас, мәдени және экономикалық ынтымақтастық, сондай-ақ әкімшілік басқарудағы тәжірибе алмасу жайын сөз етті. Аудан әкімі Мақсат Таңғатаров делегацияны Сауран өңірінің әлеуетімен, инвестициялық жобаларымен, тарихи-мәдени мұрасымен кеңінен таныстырды.
Түркі әлемі муниципалитеттер одағы делегациясының Сауран ауданына жасаған бұл сапары халықаралық байланыстарды жаңа деңгейге көтеруге бағытталған маңызды қадам болды. Қос тараптың өзара тәжірибе алмасуы, бір-бірімен тиімді әріптестік орнатуға ниетті екендігін көрсетіп, болашақтағы түрлі жобаларға жол ашты. Аудан басшысы Мақсат Таңғатаровтың бастамасымен ұйымдастырылған бұл кездесу Сауранның әлеуетін халықаралық қауымдастыққа таныстырумен қатар, бауырлас халықтар арасындағы тарихи байланыстарды жаңа мазмұнда жалғастыруға ықпал етті.
ТҮРКІ ӘЛЕМІ ӨКІЛДЕРІМЕН КЕЗДЕСУ: САУРАНДА СТРАТЕГИЯЛЫҚ ӘРІПТЕСТІК ТАЛҚЫЛАНДЫ

Comments