Жетісу облысы Талдықорған қаласына қарасты Өтенай ауылында 100 келушіге арналған дәрігерлік амбулаторияның құрылысы жүргізілуде. Жол картасы аясында қолға алынған маңызды әлеуметтік нысанның жұмысы депутаттар мен жергілікті билік өкілдерінің бақылауында.
Бұған дейін ауыл тұрғындары ірге тасы 1986 жылы қаланған ескі ғимаратта ем қабылдауға мәжбүр болып, сапалы медициналық көмек алу, дәрігерге қаралу, жатып ем қабылдау жағыда алаңдадып келген болатын.
Бүгінде округте 17 мыңнан аса халық тұрса соның тең жартысы қалалық ауруханаларда тіркелген. Жылдан-жылға халық саны артуына байланысты аймаққа бұндай дәрігерлік амбулаторияның қажеттілігі туындап отыр.
Қазіргі таңда нысанның дайындық деңгейі 80%-ды құрайды. Бас мердігер – “ЖАРКЕНТ АЛҒЫР” ЖШС-мен өткен жылы келісімшар жасалып, бүгінде құрылыс алаңында 20-25 маман еңбек етуде. Жоспар бойынша амбулатория 2025 жылдың мамыр айында пайдалануға беріледі.
Жетісу облыстық және қалалық мәслихат депутаттары, ауыл әкімдігі мен құрылыс және денсаулық сақтау басқармаларының өкілдері нысанға арнайы барып, жұмыс барысымен танысты. Мониторинг барысында бірқатар ұсыныстар айтылып, оның ішінде канализация жүйесіне қатысты мәселе көтерілді.
«Ауылымызда осындай заманауи амбулаторияның ашылатынына халық дән риза. Бұл ауыл тұрғындарына қауіпсіз әрі ертеңгі күнге сенімді сезінуге мүмкіндік береді. Енді Талдықорған қалалық емханаларға барып әуре болмайды. Жалпы. құрылыстың 80 пайызы аяқталды. Сапалы жүріп жатқанына әріптестерімізбен көз жеткізіп, нысан қолданысқа берілген күнге дейін партиялық бақылауда ұстайтын боламыз», – деді облыстық депутат Қайрат Кереев.
Өтенай ауылындағы жаңа амбулатория халыққа сапалы медициналық қызмет көрсетуге мүмкіндік беретін маңызды нысан болмақ. Депутаттар мен жергілікті билік өкілдері құрылыстың сапасы мен уақытылы аяқталуын қадағалауды жалғастырады.
Айта кетейік, жаңа емхана Өтенай ауылынан бөлек, «Ынтымақ», «Жастар-1», «Жастар -1/1» және «Жастар — 2» тұрғын үй алабының халқына да қызмет етпек.
Comments