Биылғы Отан қорғаушылар күні мерекесі – Ұлы Отан соғысының батыры, алғашқы Қорғаныс министрі Сағадат Нұрмағамбетов пен Халық Қаһарманы Рақымжан Қошқарбаевтың 100 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр. Осы тұлғалардың құрметіне отаншылдықты, ерлікті дәріптейтін іс-шаралар өтуде. Бүгін «Ұлттық ұлан» №6506 әскери бөлімінде Түркістан облысы әкімі Дархан Сатыбалдының қатысуымен 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні мерекесіне арналған шара болып өтті.
Жиынға қатысқан қонақтардың ішінде «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Қалыйма Жантөреева да болды. Облыс басшысы әскерилерді құттықтап, ұлт қаһарманы Бауыржан Момышұлының «Отан үшін отқа түс – күймейсің» деген қанатты сөзін еске алды. «Туған ел мен жерді қорғау – әрбір азаматтың қасиетті парызы. Қазақ мемлекетін қалыптастыру жолында тарихта аты алтын әріптермен жазылған ұлы баһадүрлердің ұрпақтары әлсіз болмауы тиіс. Сондықтан 18-ден асқан ұландарымыз әскерге барып, Отанға қызмет етуге міндетті. Ал еліміздің Қарулы күштері қатарында демографиясы жоғары Түркістан жастарының көп болуы – заңдылық. Мемлекетіміз отаншыл, батыр, адал ұрпақпен толыға берсін. Шекарамыз бүтін, аспанымыз ашық, күніміз шуақты, әскеріміз қуатты болсын! Әрдайым бейбітшілік салтанат құрып, Қазақстанымыз мәңгі жасай берсін! Отан қорғаушылар күні құтты болсын! – деген облыс басшысы әскерилерге құрмет көрсетіп, марапаттады.
«Ұлттық ұлан» №6506 әскери бөлімі сарбаздарына Қорғаныс министрлігінің және Ішкі істер саласы бойынша әскери шен тапсырылды. Жиынға қатысқан қонақтар бұдан соң әскерге шақырушыларды шығарып салу рәсіміне қатысты. Әскерге аттанушылармен кездесіп, ақ тілегін арнады. 100 орындық облыстық жинақтау бекетінің жалпы жағдайымен танысып, әскерге шақырушылардың жатын бөлмелерін аралап көрді. Тамақтану орнын және шақырушылардың психологиялық тесттен өту барысымен, облыстық медициналық комиссияның жұмысымен танысты.
Айта кетейік, Түркістан облысы бойынша былтыр 4500-дей жас әскерге аттанды.
Comments