(Сенбіліктерде назардан тыс қалған ауыл)
«AMANAT» партиясы Келес аудандық филиалының төрағасы А.Жұмабеков, филиал жанындағы партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Бахтияр Таженов және комиссия мүшелері аудандық мәслихаттағы «AMANAT» партиясының фракция мүшелері Мақсат Бекбаев, Дәурен Әлімбаев және Нұржан Мұратовтар Біртілек ауылдық округі, Көлтоған ауылы тұрғындарының көтерген мәселесі бойынша былтыр құрылысы жүрген аяқжолдың сапасына партиялық бақылау жүргізді.
Партиялық бақылау барысында анықталғаны аталған аяқжолға мердігер «Қалжан Grup» ЖШС-і Көлтоған елді мекеніндегі 63 млн теңгеге Ақсарай көшесімен қоса жөндеу және құрылысын былтыр жүргізген.
Тұрғындардың айтуынша аяқжолдың табанына топырақ тасталып, үстіне асфальт жамылғысы төселген. Қазіргі таңда аяқжолдың сапасыз жасалғаны себепті біршама жерлерінде асфальт отырып, шұңқырлар пайда болған. Сонымен қатар, аяқжолдың екі жағалауын белуардан шөп басуы салдарынан жүргіншілер мен оқушылар аяқжолмен емес, қауіпті болса да асфальт жолмен жүруге мәжбүр.
Ауыл тұрғындарының айтуынша былтырғы жылы аяқжол біткеннен бастап ауданның тиісті бөлімдеріне өтініш айтылғанымен бүгінгі күнге ешқандай нәтиже жоқ.
Әрине тұрғындарға аяқжолдың екі жақтауындағы шөптерін шабуға өздері атсалысу қажеттігі түсіндірілді. Дегенмен бүкіл республика көлемінде өтіп жатқан апталық сенбіліктер неге бұл ауылда ұйымдастыру назардан тыс қалған?
Ауыл тұрғындары аудан әкімдігінің жауапты қызметкерлері мердігер мекемеге жолаяқты сапалы жөндетуге ықпал жасауын сұрайды.
Фракция депутаттары мәселені бақылауға алатындарын жеткізді.
«AMANAT» партиясы Келес аудандық филиалы
Comments