Алдағы жұмыс бағыты ретінде партиялық жобалар бойынша көбірек жұмыс жүргізуді, Сайлауалды бағдарламаны іске асыру жөніндегі Жол картасының іске асырылуын бастауыш партия ұйымдарының алаңдарында талқылауды, еңбек адамдарына ерекше назар аударуды, қоғамда қызу талқыға түскен тақырыптарға бей-жай қарамауға шақырды. Бастауыш партия ұйымдарында мәслихаттардағы фракция депутаттарымен жиі кездесулер өткізіп, қоғамдық қабылдаулады белсене жалғастыруды тапсырды.
Алтынсары Дүйсенбекұлы Ордабасы ауданына жасаған жұмыс сапары барысында Шұбарсу ауылындағы жол картасы аясында салынып жатқан нысандардың құрылысымен танысты. Аудандық мәслихат депутаттары Талғат Жанысбаев, Ғалымжан Қалқаманов, Алия Абдикадирова және Ордабасы аудандық партия филиалының төрағасы Әлиасқар Бердімұрат пен партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Асан Құрымбек және партиялық бақылау комиссиясының мүшелері сайлауалды бағдарлама аясында құрылысы жүріп жатқан Шұбарсу ауылындағы 600 орындық мектептің жай-күйін аралап көрді.
Құрылысы 2020 жылы басталған мектептің жобалық сметалық құны 2018 жылы жасалған болатын. Жобалық құны 1 505,458 млн. теңгені құрайтын мектеп құрылысын жүргізуді мердігер «Build Stroi» ЖШС-і мойнына алған. 2021 жылы 310 млн. теңгенің жұмысы істелініп, кейін құрылыс компаниясы жұмыстарын аяқтау мерзімінен кешіккеніне байланысты онымен келісім шарт бұзылған. Нысанда қазіргі таңдағы құрылыс жұмыстарын мердігер мекеме болып танылған «Дос и К Сервис» ЖШС атқарып жатыр. Бүгінде жарамсыз болған іргетасын бұзу жұмыстары жүргізілуде. Нысан келер жылы пайдалануға берілмек. Нысанды бақылауға келгендер партиялық бақылауда тұрған құрылысты сапалы, әрі жедел атқаруды тапсырды.
Сонымен қатар, сапар аясында Алтынсары Дүйсенбекұлы Шұбарсу елді мекенін ауыз сумен қамтамасыз ету барысындағы ішкі желі құрылысының 4 кезенімен танысты. Мердігер мекеме «КөлСай Строй» ЖШС-ның өкілі құрылыс барысы бойынша баяндап, аталмыш нысан мамыр айында іске қосылатынын атап өтті.
«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі
Comments