ЖаңалықтарҚоғам

ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ НҰРБОЛ ТҰРАШБЕКОВ ТҰРҒЫНДАРҒА ҮНДЕУ ЖАРИЯЛАДЫ

Тәртіп – ерік-жігерді ақылға бағындырудан басталып, күш-қайратты парасатпен басқаруға жетелейді. Өнегесі өрелі қоғамда ғана ұрпақтың келешегіне алаңдауға негіз қалмайды.

Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынов «Мойындағы борышты білу – білімнің ісі, борышты өтеу – адамгершіліктің ісі» деп ғибраты мол сөз қалдырған. Жақсы мен жаманды, ақ пен қараны айыра білмейтін балаға дұрыс тәлім беру ата-ана мен ұстаздың борышы болса, оларға үлгі-өнеге көрсету – баршамызға ортақ міндет.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясының жариялануы – ұрпаққа үлгі болудың ізгі жолы.

Елдің азаматын қалыптастыру үшін ең алдымен мемлекет алдындағы жауапкершілікті терең сезінуіміз керек. Күнделікті әрекетімізге мән беріп, Отанға деген сүйіспеншілік — отбасымыздан, «Таза Қазақстан» — табалдырығымыздан басталатынын ұмытпасақ игі.

Түркістанда акция аясында тұрғындардың ұйымдасуымен бүгінге дейін 50-ге жуық сенбілік өтті. Көшелердің ажары ашылып, гүлдер мен ағаштар егілді. Президентіміз ұрпақтар сабақтастығын нығайтқан бұл шараның тұрақты түрде жалғасатынын атап өтті.

Құрметті түркістандықтар!

Қаламыздың көркін кіргізіп, тазалығына белсенді атсалысып жүрген әр тұрғынға алғысымды білдіремін. Дегенмен, тазалық – тазаланған жерде емес, ластанбаған жерде сақталады. Қаламызға деген жанашырлығымыз маусымдық шарамен шектелмейді деп сенемін. Таза Түркістанның келбетін сақтау, киесі мен қасиетін құрметтеу – елдігіміздің айнасы.

Рухани астанамызға сай бірлігімізбен, жарасымды тірлігімізбен ерекшеленіп, баршаңызды қаламыздың түрленуі мен гүлденуіне үлес қосуға шақырамын!

ТҮРКІСТАН-КЕЛЕС: «АРДАГЕРЛЕРДІ АРДАҚТАЙЫҚ»!

Алдыңғы

ПАРТИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ ЖҮРГІЗІЛДІ

Келесі

Оқи отырыңыз

Comments

Leave a reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *