«AMANAT» партиясының Орталық аппараты Партиялық бақылау департаментінің директоры, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық кеңестің хатшысы Дәурен Бижуманов Түркістан облысына жасаған жұмыс сапары аясында Түркістан қаласындағы Ә.Нұрмаханов атындағы олимпиадалық резервтік мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің құрылысымен танысты.
Спортқа қабілеті бар балаларды анықтап, олардың физикалық дайындығын кәсіби тұрғыда жетілдіруге, беделді спорттық жарыстарға дайындап, шыңдауға қызмет ететін бұл нысанның салауатты ұрпақ өсірудегі әлеуеті ескеріліп, партияның Сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі Жол картасына енгізілген. Болашақ чемпиондарды әлемдік жарыстарға даярлайтын нысанның құрылысына қатысты түйткілді мәселелерді Түркістан облыстық құрылыс басқармасының басшысы Тоқтар Усубалиев баяндады.
Облыс үшін маңызды нысанның құрылысы 2021 жылы басталған. Бастапқы жоспар бойынша құрылыс жұмыстары 2022 жылдың желтоқсан айында аяқталуы тиіс болатын. Алайда, облыстық бюджеттің мүмкіндігінің жетпеуіне байланысты, құрылысқа қажетті қаржы толықтай бөлінбей қалған. Құрылыс материалдары нарығындағы ахуал ескеріле отырып, құрылыс сметасына түзетулер енгізілген. Бүгінгі таңда нысандағы құрылыс жұмыстарының 60 пайызы аяқталған, биылғы жылы пайдалануға берілетін болады.
Құрылыс жұмыстарының барысы туралы мердігер ұйым – «Стройсервис — 7» ЖШС-нің өкілдері мағлұмат берді. Партиялық бақылау бекетінің қызметі жөнінде Бегахмет Әбусейітов ақпарат беріп, құрылыс барысындағы өндірістік кестенің сақталуы, техникалардың дайындығы, жұмысшы контингенттің жұмылдырылуы, құрылыс материалдарының сапасы, оның ішінде отандық өнімнің үлесі, спорттық инвентармен қамтылуы партиялық бақылауға алынғанын жеткізді.
Айта кету керек, Сайлауалды бағдарламаның Жол картасына енген спорт мектебінің құрылысы облыстық партия филиалының тұрақты назарына алынған және партиялық құрылымдар арқылы оның дайындық деңгейі үнемі қадағалануда.
«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі
Comments