ЖаңалықтарЖастар саясатыҚоғамМәдениетРуханият

АХМЕТ БАЙТҰРСЫНҰЛЫНЫҢ ҚОЛЖАЗБАСЫНАН ТЫҢ ДЕРЕКТЕР АНЫҚТАЛУДА

Архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің Алматы қаласында орналасқан ҚР Ұлттық кітапханасының Сирек қорында Ахмет Байтұрсынұлының “Шаруалық өзгерісі” атты 107 беттен тұратын төте жазумен жазылған қолжазбасы сақталған.

Бұл қолжазба Ахмет Байтұрсынұлының 1915 жылдан бастап шаруалық, экономика, мәдениет тақырыптарын зерттеп жазған көлемді еңбегі.

Ғалымдар «Шаруалық өзгерісі» атты қолжазбаны өткен ғасырдың басында саяси қысымның арқасында тәркіленіп, күні бүгінге дейін табылмай келе жатқан «Мәдениет тарихы» атты еңбекпен байланысы бар деп топшылайды. «Шаруалық өзгерісі» атты еңбекте мәдениеттің шығу тарихы мен адамзат өркениетінің өсіп-өркендеу барысы туралы жиі тоқталып, «мәдениет» сөзі қайталанып отырады. Автор бұл еңбегінде «Мәдениет қырқалары», «Мәдениет төбелері», «Мәдениет жұғысы», «Мәдениет тараған жолы» және «Мәдениет бесігі» сынды терминдерді жиі пайдаланған,- дейді Алаш мұрасын зерттеуші ғалым, А.Байтұрсынұлы музей-үйінің меңгерушісі Әділет Ахметұлы.

«Шаруалық өзгерісі» қолжазбасының 7 тарауы сақталған. Ғалымның бұл зерттеу жұмысы алғаш «Қазақ» газетінің 1915 жылғы (№145, 146, 147, 148, 158, 161, 163) және 1916 жылғы (№167) сандарында жарық көрген. Сондықтан 8 тараудан тұратын еңбектің қолжазбада жоқ тұстарын «Қазақ» газетінен тапты.

«Қазақ» газетіндегі нұсқаларда автордың аты жазылмағандықтан, көлемді желілес еңбекті жазған нақты А. Байтұрсынұлы екенін батыл түрде кесіп айтқан зерттеуші болған жоқ. Қолжазба нұсқаның сырты сары түсті қағазбен қапталған. Қолжазбаның сыртқы бетіне латын әліпбиімен Bajtursьnulь A. (А. Байтұрсынұлы) және Caruvcьlьq өzgerisi (Шаруалық өзгерісі) деп жазған. Бұл жазуды еңбекті сақтаған адам немесе кітапхана қызметкері 1930 жылдары жазған болуы мүмкін,-дейді ғалым.

Қолжазба сызықсыз сары қағаздан жасалған дәптерге жазылған. Әр бетке көрнекті, үлкенірек әріппен 14-15 жол ғана жазу сыйған. Қолжазбаның 1-бетінің басында төте жазумен «Ахмед Байтұрсынұф» деп жазылса, одан кейін «Шаруалық өзгерісі» деп еңбектің аты көрсетілген. Әр тарау аяқталғаннан соң автор «А.Б» деп төте жазумен қолтаңбасын қойып отырған. Бұл қолжазба әзірге ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының өз қолымен жазған жалғыз еңбегі болып отыр.

Қолжазба кітапханаға қалай, кімнен түскені белгісіз. 1940 жылы «Спец хран» арнайы сақтау қорына тіркелген. 1989 жылдары Арнайы сақтау қорынан Сирек қорға ауысқан. Содан бері сирек кітаптар мен қолжазбалар қызметі қорында сақтаулы. Ғалымдар тарапынан қолжазбаға назар аударылып, зерттеу жұмыстарын жүргізуде,-дейді ҚР Ұлттық кітапханасының директоры Бақытжамал Оспанова.

ҚР Ұлттық кітапханасында бұдан өзге 40 000-нан аса құнды құжат сақталған.

Архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің баспасөз қызметі

Балпық би кентінде «Перу Лала гүлі өсірілмекші»

Алдыңғы

АЛМАТЫДАҒЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ СЕМИНАР

Келесі

Оқи отырыңыз

Comments

Leave a reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *