АймақҚоғамЭкономика

ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫНДА СУАРМАЛЫ МАУСЫМ БАСТАЛДЫ

Жамбыл облысында вегетация маусымы басталды. Өңірдің барлық су көздеріндегі суаруға қажетті су көлемі 1284 миллион текше метрді құрайды.

Жауапты науқанға жан-жақты дайындалу мақсатында «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорны Жамбыл облыстық филиалының теңгеріміндегі каналдар қоқыстардан, лай мен өсімдіктерден тазаланды. Гидроқұрылымдарға ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Облыстағы қолда бар су ресурстарын тиімді пайдалану үшін және ағымдағы вегетацияны тәуекелсіз жүргізу мақсатында «Шу-Талас» бассейндік инспекциясы, жергілікті басқару органдары мен ауыл шаруашылығы басқармасы бірлесіп, жоспарлы жұмыстар жүргізді.

Сонымен қатар жерасты суын кәдеге жарату мақсатында да өңірде кешенді шаралар атқарылуда. Қазіргі таңда облыс көлемінде 46 ұңғыма анықталып, ұңғымаларды алдағы үш жылда (2022-2024 жылдары) іске асыру жоспарлануда.

Суармалы маусымда өзендердегі ағын су тапшылығы ықтималдығын ескере отырып,  ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне  суды аз қажет ететін өнімдерді отырғызу, су үнемдеу технологияларын пайдалану, түнгі суғару режимін қолдану сынды мәселелер  түсіндірілді. Сондай-ақ, суармалы жерлерде агротехникалық және мелиорациялық жұмыстарды жүргізу, бір каналдың астында дақылдың бір түрін ғана (монокультура) отырғызбай, ауыспалы егістік технологиясын қатаң түрде сақтау және де майдаланып кеткен ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерді үлкен кооперативтерге немесе ассоциацияларға біріктіру бойынша түсіндіру жұмыстары да жүргізілді.

Айта кетейік, Жамбыл облысына вегетация кезінде жерүсті су ресурстарының 80 пайызы көршілес Қырғыз Республикасынан Шу және Талас трансшекаралық өзендері арқылы келеді. 1983 жылы қабылданған су бөлу ережелеріне сәйкес вегетациялық кезеңде Шу өзені бойынша 370 миллион текше метр, Талас өзені бойынша 590 миллион текше метр су жіберілуі тиіс.

2023 жылға арналған Қырғыз гидрометінің болжамы бойынша, таулы және тау етегіндегі аймақтарда қардың қоры және ылғал жиналу кезеңіндегі жауын-шашынның мөлшері орташа жылдық нормадан 72-100 пайыз  көлемінде деп  болжануда. Сол себепті жоспарланған көлемді толық ала алмау қаупі бар. Биыл Шу өзені арқылы 222 миллион текше метр, Талас өзені арқылы 520 миллион текше метр су  алу жоспарлануда.

Бүгінгі таңда салалық мекемелер аграршылардың судан тапшылық көрмеуі үшін барлық мүмкіндікті пайдалана отырып әрекет етуде.

 

Идеядан іскер әйелге дейін

Алдыңғы

Болашаққа Бағдар

Келесі

Оқи отырыңыз

Comments

Leave a reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *